Олимпиада жеңімпаздарының ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсу мүмкіндігі бар – министр

30 Мамыр 2022, 14:55
1543
Бөлісу:
Олимпиада жеңімпаздарының  ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсу мүмкіндігі бар – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. 

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бұл құжат жеңімпаздар мен жүлдегерлерге отандық ЖОО-да бейінді бағытта білім алу үшін гранттар бөлуге мүмкіндік береді, - деп жазды министр.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын.

Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды, - деді Аймағамбетов.

Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді. 

Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алғанын естеріңізге сала кетейін. Осылайша ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын.

Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады. Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы