Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындарындағы әйелдер жарысына трансгендер әйелдердің қатысуына тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Тыйым «олимпиадалық спорттағы әйелдер санатын қорғау жөніндегі жаңа саясат» аясында енгізілген.
Жаңа саясатқа сәйкес, МОК ұйымдастыратын жарыстарға (жеке және командалық спорт түрлерін қоса алғанда) қатысу құқығы тек биологиялық әйелдерге беріледі. Бұл мәртебе SRY геніне (Sex-determining Region Y) бір реттік тестілеу арқылы анықталады.
Жаңа ережелер Лос-Анджелес қаласында өтетін 2028 жылғы Олимпиададан бастап күшіне енеді. Олар бұқаралық немесе әуесқой жарыстарға қолданылмайды.
Реформаға бірнеше спортшыға қатысты дау себеп болған. Атап айтқанда, бұрын ерлер лигасында өнер көрсеткен америкалық жүзуші Лия Томас пен 35 жасында санатын өзгерткен жаңа зеландиялық ауыр атлет Лорел Хаббард төңірегіндегі жағдайлар қоғамда үлкен талқылау туғызды.
Олардың қарсыластары трансгендер әйелдерде қайтымсыз физикалық артықшылық бар екенін айтып, наразылық білдірген.