Ақтөбе облысында әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген әйелдер көп. Біз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай тынымсыз жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жұмысшы әйелдермен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мал дәрігері
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылының тұрғыны Жанар Уәлиева 20 жылға жуық уақыт ветеринария саласында қызмет етіп келеді. Ауыл тұрғындарының малын емдеп, төлін төлдетіп, қашан да өзгелерге қол ұшын беруге асығып тұратын ол — адал еңбектің арқасында көп жетістікке жеткен жан.
Мен Октябрь ауданы (қазіргі Мұғалжар ауданы) Теміркөпір станциясында тудым. 1986 жылы Победа кеңшарында 8 жылдық мектепті бітіріп, Темір қаласындағы техникумға оқуға түстім. Оны 1990 жылы аяқтап, еңбек жолын ең алғаш Победа кеңшарында мал дәрігері болып бастадым. Араға бір жыл салып, осы ауданға қарасты Қайыңды ауылына келін болып түстім. Ол кезде жолдасым Құрақбай жылқышы болып жұмыс істейтін. Содан отбасымызбен 1991-2000 жылдары аралығында жылқы бағып, шаруашылықта еңбек еттік. 5-6 жылдай үйде жұмыссыз отырдым. Кейін 2006 жылы Қайыңды ауылдық округінің орталығына көшіп келіп, ветеринарлық пунктке мал дәрігері болып жұмыс орналастым. Міне, содан бері бүгінге дейін мал дәрігері болып жұмыс жасап келемін. Он жылдан бері Қайыңды ауылдық округінде ветеринарлық пункттің меңгерушісімін. Жолдасым да көп жылдан бері осы салада жұмыс істейді, - дейді ол.

Кейіпкеріміз мал дәрігері болудың қиындықтары көп екенін, алайда өз мамандығын жақсы көретінін айтады. Оның айтуынша, қазір ауылдық жерлерде мал мамандары жетіспейді. Оған басты себеп — жастардың бұл саланы таңдамауы, сондай-ақ мамандарға қолайлы жағдайдың жасалмауы.
Жанар Уәлиева әйел адам болса да жалғыз өзі ауылдағы үйлерді аралап, ауырған малды емдейді, қан алады, екпе салады, төл төлдету кезінде көмек сұрағандарға қол ұшын береді.
Малды емдеудің қиындығы сол — оның адам сияқты тілі жоқ, қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан төрт түлікті емдеуде мәселе көп. Ал сиыр төлдегенде оның шуын алып, жатырын салу жиі кездеседі. Кейде мал төлдеу кезінде күні бойы жүретін кездеріміз болады. Әрине, шаршайсың. Дегенмен таңдап алған жұмысың болғасын бәрін көнесің. Жалпы, қай жұмыстың да өз қиындығы бар. Қуантарлығы, жолдасым да осы салада еңбек еткен соң, кейде қиналғанымда көмектеседі. Әсіресе, малды сырғалағанда қасыңда адам болмаса жалғыз өзіңе өте қиын. Қазір біздің ветеринарлық пунктте үш адам жұмыс істейді. Екі ветеринарлық фельдшер құжаттармен айналысады. Ал жолдасым мекеменің көлігін жүргізеді.
Мекемеге 2013 жылы “Нива” автокөлігі, былтыр “Jac” автокөлігі берілді, - дейді мал дәрігері.
Жанар Уәлиева тұратын Қайыңды ауылдық округінде бүгінде 2 мыңға жуық адам тұрады. Округке қарасты Алтынды ауылында — 100, Қайыңды ауылында 130 түтін бар. Тек округте ветеринарлық дәріхана жоқ. Мал дәрігері дәрі-дәрмекті облыс орталығынан сатып алады.
Биыл ауылымызда жаман ауру тіркелген жоқ. Халық баққан малынан өнімін алып, таза етін, сүтін пайдаланып отыр. Ауылда жағдай жақсы. Қазір еңбек еткен адамға мүмкіндік мол, - дейді Жанар Уәлиева.
Айта кету керек, кейіпкеріміз бүгінде жұбайы Құрақбай Уәлиев екеуі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, солардан тараған алты немеренің қызығын көріп отыр.
Қашан да өзінің еңбекқорлығымен, жұмысына деген адалдығымен көз түскен мал дәрігері бұған дейін Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының ІІІ және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, Мұғалжар ауданы әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Жыл адамы» атақтарымен марапатталған.
“Тазалық өзімізден басталады...”
Айжан Книсарина Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында 2008 жылдан бері кіші медицина қызметкері болып жұмыс істейді. Қашан да тазалықты сүйетін ол — көптің алғысына бөленген жан.

Менің туған жерім — Қостанай облысы. Осыдан көп жыл бұрын Ақтөбе өңіріне келін болып түстім. Содан бері осы өңірде өмір сүріп, еңбек етіп келемін. Облыстық көпсалалы ауруханада 15 жылдан астам уақыттан бері кіші қызметкер болып жұмыс істеймін. Мұнда реанимация бөлімі мен ординаторлық кабинетті тазалаймын. Қазіргі таңда инсульт орталығында 20 шақты кіші қызметкер бар, - дейді ол.
Айжан Книсарина аталған салада көп жылдан бері еңбек етіп келсе де, жалақысы көбеймегенін алады. Зейнет жасына жақындаған оның бар тілегі — денінің саулығы мен отбасының амандығы. Мен тазалықты ұнататын адаммын. Сондықтан өзімнің жұмысымды адал және жауапкершілікпен атқарамын. Осы күнге дейін басшылықтан сөз естіп, ескерту алмаппын. Бәрі сыйлап, құрметтейді. Негізі, тазалық өзімізден басталады. Егер медициналық мекемелерді өз үйіміздей көріп, таза ұстасақ, дәрігерлерге де, науқастарға да жақсы. Сондықтан жүрген жерімде жастарды тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеп, баулып отырамын, - дейді ол.
Кейіпкеріміз бүгінде отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан 11 немере сүйіп отыр. Жолдасы бірнеше жыл бұрын өмірден өткен. 4 баланы жалғыз өсіріп, қазір солардың қызығын көріп отырған Айжан Шахабадқызы қарттыққа жетіп, шөберенің қолынан су ішуді армандайды.
Ақ халатты абзал жандардың қатарында жүріп, көптің алғысы мен батасын алған кейіпкерімізге біз де амандық тілейміз.
Тыным таппайтын тазалықшы
Жұмагүл Арыстанованың тазалықшы болып жұмыс істегеніне 5-6 жыл болған. Бұрын ол Ақтөбе қаласындағы тазалықпен айналысатын №1, №12, №17 басқарушы компанияларда жұмыс істеген. Қазір “Өтес Ақтөбе” ЖШС-ында жұмыс істеп жүр. Ол таңғы сағат 6.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылын күл-қоқыстан, қардан тазалайды.

Соңғы күндері облыс орталығында қалың қар жауып, қазір серіктестіктің барлық жұмысшысы мен тазалықшысы қар тазарту жұмысына жұмылдырылуда. Тіпті, қардың көптігінен көшедегі аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалап үлгермей жатырмыз. Қазіргі таңда серіктестікте 30-дан астам адам жұмыс жасайды. Олардың қатарында жұмысшы, тазалықшы, көлік жүргізушісі бар. Техникалар жаңа, ешқандай мәселе жоқ. Тек тұрғындар көшеге көп қоқыс лақтырып кетеді. Қанша рет жастарға ескертсек те, әлі күнге дейін бізде мәдениет жағы ақсап тұр. Қазір біз қаламыздың таза, әдемі болуы үшін үздіксіз қызмет етіп жатырмыз. Өзім бір айда бір күн ғана демаламын, — дейді ол.
Жұмагүл Арыстанова қазір бір бригадада 4 адам жұмыс істеп жатқанын, оның ішінде екі адам Есет батыр көшесін, екі адам Әбілқайыр хан даңғылын тазалап жүргенін жеткізді. Сондай-ақ бригада орталық көшелердегі саябақтарды да күл-қоқыстан тазартады.
Қашан да жұмыстың қиындығынан қашпайтын, зейнет жасына жетсе де, демалмай, әлі күнге дейін отбасын асырау үшін еңбек етіп жүрген Жұмагүл Арыстанованы әріптестері ерекше сыйлайды. Еңбекқор, жауапкершілігі мол, өзгелерге үнемі қамқорлық танытып жүретін ол бос уақытында немересі Темірланның сабағын қарап, тәрбиесімен айналысады. Отбасында жолдасы ерте өмірден өтіп, 4 бала тәрбиелеп өсірген ақ жаулықты ана осылайша қаламыздың тазалығына зор үлесін қосып жүр. Міне, нағыз еңбек адамы деген осы болар!