Ол өмірден өтсе де, тұлға ретіндегі рухани өмірі жалғасып келеді

10 Желтоқсан 2019, 19:22
2690
Бөлісу:
Ол өмірден өтсе де, тұлға ретіндегі рухани өмірі жалғасып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақтың біртуар ұлы, ерекше дауыс иесі, әнші-композитор Батырхан Шүкенов атындағы қор әншінің шығармашылық мұрасын сақтап қалуға және дамытуға бағытталған барлық жобаларға қолдау көрсетіп келеді.

Дарынды оқушыларға Батырдың есімімен атаулы шәкіртақы тағайындалған. Бұл туралы есімі дүниежүзі музыкасүйер қауымына кеңінен танымал пианист, ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова бүгінгі өткен брифингте айтып берді.

Болат Өтемұратов негізін қалаған қайырымдылық қоры Батырхан Шүкенов атындағы қордың барлық жобаларын қолдауда. Батырдың қазақ тіліндегі әндерінің ноталарын және шығармашылық альбомдарының толық жинағын шығару бастамасы жүзеге асырылған. 

Тіпті, еліміздегі музыкалық жоғары оқу орындары мен мектептердегі дарынды талант иелеріне арналған Батырхан Шүкенов атындағы конкурс өткізілуде. 

Бүгінде Болат Өтемұратов атындағы қорға 5 жыл толып отыр. Бұл – нақты атқарылып жатқан игі істер бойынша Қазақстандағы №1 қайырымдылық ұйымы. Мен өнер адамы ретінде мәдениет саласындағы жобаларды айтқым келеді. Біздің ұлттық батырымыз әрі мақтанышымыз Батырхан Шүкеновтей тұлғадан айырылған жылы Болат Өтемұратов оның мұрасын мәңгі есте қалдыру үшін Батырхан Шүкенов атындағы қорды құрды. Азамат өмірден озса да, оның бірегей тұлға ретіндегі рухани өмірі жалғасын тапты. Бүгін де, ертең де жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, - дейді Жәния Әубәкірова.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда қайырымдылық жасау мәдениеті қалыптасып келетінін айрықша атап өтті. 

Бұл орайда Мыс үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың II Республикалық сайысының гала-концертінен алған әсерін қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Жәния Әубәкірова ерекше толғаныспен айтып берді. 

Әлі де болса зерттелмеген, ашылмаған оның музыкалық мұрасы жетерлік. Қордың тікелей ұйымдастырып отырған музыкалық конкурстың жастар үшін алар орны орсаң зор екенін баса атап өткім келеді. Мен аса қуанып, ерекше әсерге бөлендім. Бұл үрмелі музыка саласында аспаптық орындаушылық үшін ұлы іс деп білемін, - дейді ҚР халық әртісі.

Айта кетейік, жобалар атақты музыканттың шығармашылығын сақтауға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы