Қол алысып амандасудан бас тарта тұру керек – маман

13 Наурыз 2020, 12:17
2682
Бөлісу:
Қол алысып амандасудан бас тарта тұру керек – маман

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі кезде адамдармен кездескен мүмкіндігінше адамдармен қол алысып амандаспауға тырысу керек. Бұл туралы бүгін елордада өткен коронавирус  инфекциясының алдын-алу шараларын ұйымдастыру және өткізу туралы брифингте айтылды.

Жеке гигиеналық шараларды сақтауға ерекше назар аудару керек. Бұған қолды жуу, антисептиктерді қолдану және жөтелге байланысты сақтық шараларын қолдану, отырған жерді дымқыл шүберекпен тазарту кіреді. Кездесу барысында қол алысып амандасудан, жедел респираторлы вирустық инфекциясы белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болуды ескертеміз. Бұқаралық іс-шараларға бармаңыз. Мұның бәрі жалпы кеңестер. Барлық ережелерді сақтау өзіңіздің денсаулығыңызды ғана емес, өзгелердің де денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді деп сенеміз, - деді  Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәуле Қисықова.

Ол қаланың барлық медициналық ұйымдары коронавирустық инфекцияны күдіктенген немесе ықтимал жағдайын тіркеген жағдайда медициналық персоналдың іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы семинарлар, жаттығулар өткізгенін атап өтті.

Осы санаттағы адамдарға медициналық қызмет көрсетумен айналысатын медициналық персоналдың эпидемияға қарсы режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай дайындалғанын түсіндірді.  

Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Өзгелердің жаңалығы