Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектептердегі қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүйелі қолға алынған. Мәселен Тараз қаласындағы барлық мектепке дабыл нүктесін орнату, бейнекамераларын полиция департаментімен интеграциялауға 107,2 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу процедуралары басталды.
Бұл туралы Жамбыл облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов айтты. Жалпы аймақтағы жауапты ведомство өз жұмысын еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырып жатыр.
Жамбыл облысында 782 білім нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 442-сі мектеп, 227-сі балабақша, 21-і колледж, 59-ы қосымша білім беру ұйымдары, 4-еі кешкі мектеп, 17-сі ПМПК, 4-еуі мектеп-интернат, 1-еуі арнаулы мектеп және 7-еуі басқа білім мекемесі. Биылғы қаңтар айынан бастап өңірдегі барлық аудан мен Тараз қаласындағы білім бөлімдері тиісті әкімдіктердің бағынысынан басқармаға өтті, - деген ол білім нысандарындағы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Өңірде қоршауы жоқ 5 мектеп болса, олар аудандарда орналасқан және бұл проблемалары кезең-кезеңімен шешілетін болады. Мәселен биыл Қордай ауданындағы Күнбатыс ауылындағы апатты мектеп орнына салынатын жаңа құрылыс арқылы шешімін табуда.
Талғат Салқанұлының айтуынша, 2019-2020 жылдары робототехника кабинеттерін сатып алу шаралары аудандар мен Тараз қаласының бюджеттері есебінен жүргізілген. Мұндағы баға айырмасы сатып алынған кабинеттердің техникалық ерекшеліктеріне байланысты болған. Мысалы, кабинетті жабдықтау бойынша жасақталатын техникалық ерекшеліктері, құрылғылар саны, көлемі мен сапасы ескерілген.
Өткен жылы пандемиялық ахуалдың салдарын ескере отырып қашықтан оқыту үрдісі енгізілген болатын. Сол тұста аз қамтылған отбасыларға компьютерлер, ноутбуктар және планшеттер мен роутерлер сатып алынды. Мемлекеттік сатып алу шаралары республикалық ведомствоаралық комиссияның шешімі негізінде арнайы тәртіппен жүргізілді. Барлық аудан мен Тараз қаласының білім бөлімдері 2020 жылдың наурыз-мамыр айларында жалпыға білім беру қорының үнемделген қаражаты есебінен компьютерлік техникалар сатып алды. Бұл техниканың бірыңғай бекітілген бағасы мен техникалық ерекшеліктері болған жоқ. Бағаның әркелкі болуының басты себебі осыда, - деді басқарма өкілі.
Осы орайда, білім бөлімдері тауар ұсынушылармен ұсынылған бағаға техника сатып алып, аз қамтылған отбасы балаларына таратқан. Бұдан өзге, республикалық бюджет есебінен 4,1 млрд теңгеге 26 483 дана компьютерлік техника бір көзден сатып алынып, аудандар мен Тараз қаласындағы оқушыларға үлестірілді. Нақтылай айтқанда, 2 756 дана компьютер – 199 мың теңгеден, 20 156 дана ноутбук – 161 мың теңгеден, 3 751 планшет 82 мың теңгеден сатып алынған.
Білім ошақтарына турникет қондырғыларын орнатудағы баға айырмашылығы сапасына тікелей байланысты болды. Мысалы Сарысу мен Жуалы аудандарында орнатылған турникеттердің бағасы 1 мектепке орта есеппен 3 млн теңгені құраса, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында 1 мектепке орнатылған турникеттердің бағасы 8,8 млн теңгеге жетті, - деген жауапты маман мектептердегі санитарлық тораптарды ғимарат ішіне ұйымдастыру жұмыстарын сөз етті.
Бұл шара барысында бағаның әркелкі болып қалыптасуы инфрақұрылым жүйелері мен ыңғайластырылған жайларды шешу есебінен болған. Яғни, мектептердің жобалық қуаттылығы мен бала сыйымдылығына сәйкес тораптардың саны мен кәріз жүйелері немесе септик орналастыру мәселесі орын алды.
Т.Жамалов мектептердегі ыстық тамақпен қамту мәселесі биылдан бастап әр балаға күніне 450 теңгеден қарастырылғанын мәлімдеді.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қызмет көрсетуші кәсіпкерлерге ас мәзіріне міндетті түрде бал мен сүт қосу талабы қойылыпты. Жаңа оқу жылында дәстүрлі оқу үрдісіне көшкен жағдайда бұл талаптардың сақталуы қатаң қадағаланатын болады.
2020-2021 оқу жылында Тараз қаласынан 2 инклюзияны қолдау кабинеті, Қордай ауданынан 1 ресурстық кабинет, 2 мектептен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары ашылып, оған 150 ерекше білімді қажет ететін балалар қамтылды. Биыл Тараз қаласындағы 0-18 жас аралығындағы бала санының өсіміне байланысты 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясын, аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған орталық ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар демеушілер есебінен биыл Тараз қаласында коррекциялық психологиялық-педагогикалық кабинет ашылатын болады, - деді Талғат Салқанұлы.
Оның айтуынша, өңірдегі инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелер саны – 176, мектептер саны 390-ды құрайды. Жыл соңына дейін белгіленген межеге қол жеткізілмек. Жамбыл облысындағы барлық 442 мектеп интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қалалық жерде орналасқан 91 мектептің интернет жылдамдығы 10-100 мбит/с аралығында.
Білім және ғылым министрлігі былтыр «Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру» ақпараттық жүйесін енгізді. Өңірде бұған дейін білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мақсатында енгізіліп келген ақпараттық жүйелерді – edugarden.kz, eduschool.kz, edusystems.kz, zhambyltipo.kz-ті тоқтатып, қаңтар айынан бастап министірлік енгізген тегін ақпараттық жүйесіне көшті. Алайда бұл жүйеде «Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейін) кезекке қою», «Мектепке дейінгі ұйымдарға құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау» сынды мемлекеттік қызметтер автоматтандырылғанымен, мектепке дейінгі ұйымдарға кезекті басқару және реттеу модулі қарастырылмаған, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Жалпы аймақтағы қалалық жерде орналасқан 43 балабақшаның интернет жылдамдығы 4 мбит/с және одан төмен екен. Спикердің сөзінше, шалғай елді мекендерде халықты интернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстары тиісті әкімдердің құзырында.
Талғат Жамалов Жамбыл облысындағы оқушылардың 75 %-ы техникалық-шығармашылық, спорттық және басқа да үйірмелерге тартылғанын жеткізді. Балаларды қосымша біліммен қамту шаралары биылан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асырылмақ. Соның есебінен, қосымша біліммен қамтылған жеткіншектер қатары едәуір өседі күтілуде. Бұл шараға тек жекеменшік сектордағы ұйымдар қатыса алады екен. Ал мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жоспарлы жүргізіледі. Сондай-ақ Тараз қаласында «Оқушылар сарайының» құрылысы жүруде, оған замануи құрылғылар мен білікті мамандар тартылатын болады.
2019-2020 жылдары білім нысандарының құрылыс жұмыстарын жүргізуге 14,4 млрд теңге қаржы қаралып, 23 білім нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2019 жылы 17 білім мекемесінің құрылысын жүргізуге 3,6 млрд теңге бөлініп, 9 білім ошағы ашылды. Нәтижесінде, 3 апатты мектептің, 3 үш ауысымды, 3 оқушы орны тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілді. Ал былтыр 14 нысан оқушылар игілігіне ұсынылып, 2 апатты мектептің, 1 үш ауысымды, 2 тозығы жеткен, 2 оқушы орны тапшылығы бар мектептің проблемасы шешімін тапты. 8 мектептің құрылысы әлі жалғасып жатыр, - деді жауапты маман.
Басқарма өкілінің мәліметіне сүйенсек, биыл 23 білім нысанының құрылысын жүргізуге 8,9 млрд теңге қарастырылыпты. Оның 11-і жақын арада пайдалануға берілмек, 12-сі келесі жылға өтпелі екен. Ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың есебінен 2 апатты, 3 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілетін болады.