Алматы, BAQ.KZ. Елбасының «Ел Үміті» бастамасын іске асыру аясында ауыл оқушылары арасында осымен екінші рет «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өткізіліп жатыр. Бұл туралы Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев facebook-тегі парақшасында жазды.
Олимпиада ауыл мектептеріндегі қабілеті жоғары оқушыларды анықтап, олардың әлеуетін ашуға бағытталған.
Былтыр олимпиада ауыл мектептеріндегі 5 пен 6 сыныбының 295 мың оқушысын қамтыды. Бүгін олимпиаданың 300-дей жеңімпазы «Білім-инновация» лицейлері, «Дарын» мектептері және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектебінде оқуын жалғастырса, 1,5 мыңнан астам финалисті Елбасы Академиясы жанындағы «Birge oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуде,-деп жазды ол.
Сонымен қатар ол биыл эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, олимпиаданың бірінші кезеңі онлайн форматта өткенін жазды.
Логикалық және кеңістіктік ойлауды тестілеу арқылы бағалауға ауыл мектептерінде оқитын 5-6 сынып оқушысының 100 мыңға жуығы қатысты. Нәтижесінде өңір бойынша ең жоғары балл жинағандардың ішінен 5000 финалист іріктеліп, екінші кезеңге жолдама алды,-деп жазды Ә. Исекешев.
Бірінші қезеңнің нәтижесі бойынша финалистер арасындағы орташа балл 343 пен 400-ді құраған.
Өз кезегінде бұл ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың білім деңгейі жоғары екенін көрсететті. Олимпиаданың II кезеңі 50-ге жуық аймақтық тестілеу орталықтарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, 2021 жылдың 5 мамырында өткізу жоспарланып отыр. Осы жылдың олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерінде және Елбасы Академиясының «Birge oqý» онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алады,-деп жазды ол.