Оқулықтардың мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі – БҒМ

11 Наурыз 2021, 10:27
2665
Бөлісу:
Оқулықтардың мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

12 жылдық оқытуға кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика пәндерін оқытуға ерекше басымдық береміз, - деді министр.

Оның сөзінше, оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет үлгілік оқу бағдарламаларын сараптаудан және апробациядан өткізіп, оқулықтарды дайындау, сараптау мен басып шығарудың жаңа үлгісі енгізіледі. Заңға осы жылдың басында тиісті өзгерістер енгізілді.

Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшыларға курстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, арнайы базасы да қалыптастырылады.

Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады. Жалпы індеттің салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырамыз, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр дарында балаларды қолдау жұмыстары жалғастырылатынына тоқтала кетті.

«Мың бала» жобасы жалғасады. Республикалық, Президенттік олимпиаданың жаңа үлгілері енгізіледі. Жақында қабылданған заңның аясында қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Енді мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жекеменшік ұйымдарда да орналастырылады. Соның арқасында 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға дейін жетеді, - деп айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы