Өкпе обырын ерте анықтайтын отандық ЖИ жүйесі неге іске қосылмады? – депутат

 ©BAQ.KZ архиві/Мақпал Орынбек 10 Қыркүйек 2026, 11:07
10 Қыркүйек 2026, 11:07
93
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мақпал Орынбек

Құрылтай депутаты Сергей Пономарев Премьер-министр Олжас Бектеновке өкпе обырын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтау жүйесін іске қосуға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын атап өтті. Президент озық ЖИ технологияларын қолдану ел дамуы мен денсаулық сақтау саласын қоса алғанда, негізгі салаларды жаңғыртудың қуатты қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін бірнеше рет айтқан.

Сергей Пономарев VIII сайланған Мәжіліс депутаты болған кезінде өкпе обырын ерте диагностикалау және скринингтен өткізуге арналған отандық жасанды интеллект жүйесін енгізу мәселесін көтергенін еске салды.

Ресми статистика бойынша, бүгінде Қазақстанда өкпе обыры онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Жыл сайын үш мыңнан астам адамға осындай ауыр диагноз қойылады. Скрининг олардың көпшілігіне ауруды ерте кезеңде анықтап, емді уақтылы бастауға мүмкіндік берер еді, – деді депутат.

Оның сөзінше, скринингтің тиімділігі Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де дәлелденген. Мұндай зерттеулер АҚШ-та өлім-жітімді 20 пайызға, ал Италияда 39 пайызға төмендеткен.

Асқынған өкпе обырына шалдыққан бір науқасты емдеуге мемлекет 60 миллион теңге жұмсайды. Өкінішке қарай, олардың көбінің жағдайы үмітсіз. Бірақ ең бастысы – қаржы емес, қазақстандықтардың денсаулығы, – деді Сергей Пономарев.

Депутат өкпе обырына шалдығу қаупі жоғары топтарға төмен дозалы компьютерлік томография арқылы ұлттық скрининг жүргізу «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында тікелей бекітілгенін айтты.

Скрининг бірыңғай ұлттық стандарттар бойынша жүргізіледі және ауруды ерте кезеңдерде анықтауға, емдеуді уақтылы бастауға әрі асқынған жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді, – деп партия бағдарламасынан үзінді келтірді ол.

Пономаревтің айтуынша, бұл – енді партияның уәдесі ғана емес, өмірі дер кезінде қойылатын диагнозға байланысты азаматтар алдындағы тікелей міндет.

Депутат елімізде қажетті технологиялық шешімдер әзір екенін жеткізді. Оның мәліметінше, 2023 жылы Дүниежүзілік банктің гранты есебінен өкпе обырын ерте анықтау мен скринингтен өткізуге арналған дайын ЖИ жүйесі жасалған. Жүйе елдегі 200 медициналық ұйыммен техникалық тұрғыда біріктірілген.

Алайда депутаттың сөзінше, «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне еніп, қажетті құқықтық база қалыптасқанына қарамастан, жоба әрі қарай ілгерілемеген.

Наверх