Өкпе көлемі мен тыныс алу жылдамдығын не үшін өлшеп тұру керек? Дәрігер кеңесі

14 Қазан 2022, 19:18
3038
Бөлісу:
Өкпе көлемі мен тыныс алу жылдамдығын не үшін өлшеп тұру керек? Дәрігер кеңесі
Фото: Фото интернеттен алынды

14 қазанда Дүниежүзілік спирометрия және өкпенің саулығы күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – адамдарды тыныс алу органдары мен өкпені үнемі тексертіп отыруға тарту,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ауруларды ерте диагностикалауға, патологияларды анықтауға және оларды тиімді емдеуге, оның ішінде созылмалы обструктивті өкпе ауруын (СОӨА) ерте анықтауға ықпал етеді.

Мамандар өкпенің жай-күйін үнемі бағалап отыру, кәсіби қызмет түрі бойынша зиянды заттарды жұтуға тура келетін, сондай-ақ темекі шегетін адамдарға қажет екенін атап өтті. 

Спирометрия өкпе көлемін және тыныс алу жылдамдығын өлшейтін, өкпе денсаулығын бағалау әдісі. Бұл тыныс алудың барлық негізгі параметрлерін есептеуге және тыныс алу процесін көруге мүмкіндік береді.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог дәрігер Арай Батырбаеваның айтуынша:

  • тыныс алудың қиындауы, жөтел, жалпы әлсіздік сияқты респираторлық ауру белгілері болса;
  • сыртқы тыныс алу функциясын, бронх демікпесін зерттеу және диагностикалау үшін;
  • тыныс алу органдарының аурулары кезіндегі адамның тыныс алу жүйесінің жай-күйін бағалау үшін;
  • тыныс алу қабілетін анықтау және өкпенің өмірлік қабілетін өлшеу үшін;
  • өкпеден ауа ағынының қозғалысының тұрақты бұзылуымен сипатталатын созылмалы обструктивті өкпе ауруының (СОӨА) диагностикасы үшін спирометриядан өту керек.

Бұл анықталуы қиын, өмірге қауіп төндіретін ауру. Ол қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді және оны ентігу, тыныс алудың қиындауы, жөтел арқылы білуге болады. Нәтижесінде ағза созылмалы оттегі жетіспеушілігінен зардап шегеді, бұл барлық метаболикалық үдерістерге теріс әсер етеді және көбінесе мүгедектікке әкелуі мүмкін, – дейді дәрігер Арай Батырбаева.

СОӨА басында симптомсыз өтеді, бұл үдерістің асқыну жағдайына әкелуі мүмкін.  Темекі шегу – СОӨА пайда болуының ең көп тараған себебі, темекі шегушілердің көбі өздерін сырқатпыз деп ойламайды. СОӨА диагностикасы тыныс алудың көлемдік және жылдамдық көрсеткіштерін өлшеуді қамтиды. Бұл әдіс өте қарапайым, арзан, дәл және мүлдем ауырсыну болмайды.

Өкпе – адам ағзасындағы ең маңызды органдардың бірі, олардың атқаратын функцияларын асыра бағалау қиын. Денсаулығыңызды сақтаңыз, өкпеңіздің саулығына назар аударыңыз және спирометрия арқылы сыртқы тыныс алу функциясын біліңіз. 
 

Өзгелердің жаңалығы