Одессадағы call-орталықтан 120 қазақстандық зардап шеккен

Одессада қазақстандықтарды алдаған call-орталықтың көзі жойылды. Келтірілген шығын көлемі 85 миллион теңгеден асады.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:08
Бүгiн 2026, 10:08
173
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Украинаның Одесса қаласында қазақстандықтарды нысанаға алған ұйымдасқан алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды. Арнайы операцияны Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Украина Ұлттық полициясы бірлесіп өткізген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет арқылы азаматтарды алдап келген. Алдын ала есеп бойынша олардың әрекетінен 120-дан астам қазақстандық зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 85 миллион теңгеден асады.

Алаяқтар өздерін байланыс операторының қызметкері, банк маманы немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырған. Кей жағдайда мемлекеттік органдардың атын жамылып, адамдардың сеніміне кірген. Кейін түрлі сылтаумен азаматтарды телефондарына арнайы қосымша орнатуға көндіріп, құрылғыға қашықтан қол жеткізген. Соның нәтижесінде жәбірленушілердің жеке деректері мен банктегі қаражаты қолды болған.

Арнайы операция кезінде сегіз мекенжайда тінту жүргізілді. Нәтижесінде екі қымбат автокөлік, 26 компьютер, 49 ұялы телефон және азаматтарды психологиялық тұрғыда ықпал етуге арналған дайын сценарийлер тәркіленді, - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары Украинаның тоғыз азаматын ұстады. Қазір олардың Қазақстан азаматтарына ғана емес, басқа ел тұрғындарына қатысты жасалған алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, бұл операция трансұлттық интернет-алаяқтықпен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болды.

Министрлік азаматтарға тағы да сақ болуды ескертті. Банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары ешқашан телефон арқылы несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді. Сондықтан бейтаныс адамдардың айтуымен қосымша орнатудан, сондай-ақ SMS-кодтар мен құпиясөздерді үшінші тұлғаларға беруден сақ болған жөн.

Наверх