Қарағанды облысында газдандыру жоспарға сай жүргізілуде

24 Сәуір 2020, 22:11
2297
Бөлісу:
Қарағанды облысында газдандыру жоспарға сай жүргізілуде

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. "Сарыарқа" газ магистралының құрылысы аясында Қарағанды облысында үш ірі қаланы табиғи газға қосу жоспарланған. 

Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларына газ жеткізу жұмысы жоспарға сай орындалуда. Жоба аяқталғанда аталған үш қаламен қатар, өңірдегі 120 елдімекеннің тұрғындары газбен қамтылатын болады.

Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларына газ тарту барысында шамамен 1500 шақырым газ құбыры салынатын болады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Қарағанды қаласын табиғи газбен қамту төрт кезеңге бөлініп, сол бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта қаланың 100 үйіне газ жеткізілген. Қаланы газдандыру Михайловка шағын ауданынын басталды.

Қаланың Михайловка шағын ауданындағы жеке сектордағы үйлерге газ бірінші жетеді деп күтілуде. Қарағанды қаласына газдандыру төрт кезеңге бөлінсе, өз кезегінде бұл кезеңдер 16 іске қосу кешені бойынша жүзеге асырылатын болады. Бірінші іске қосу кешені бойынша 70-ке тарта көшедегі үйлерге газ беріле бастайды деп жоспарлануда. Ең алдымен Алтайская, Баженова, Горноспасательная, Заводская, Казахстансая, Крылова, Металлургов, Олимпийская, С.Сейфуллин, Степная және тағы да басқа көшелердегі үйлер табиғи газға қосылатын болатын. Қазіргі уақытта Заводская, Алтайская, Халиулина, Механическая көшелеріндегі үйлерге газ құбырлары жүргізілген. Жүргізілуі тиіс 23 391 метр ішкі кварталдық желілердің 18 мыңы тартылған. Бұл жасалуы тиіс жұмыстың 76,9 пайызын құрайды, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы Қымбат Хуантхан.

Теміртау қаласын газбен қамту үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Бұл кезеңдер де өз кезегінде 8 іске қосу кешеніне бөлінген. Бірінші іске қосу кешені бойынша Бейбітшілік даңғылы, Димитрова, Разина, Ватутина, Химиков және тағы да басқа жалпы саны 13 көше мен 2 ықшам аудан газдандырылады.

Бүгінгі таңда Разина көшесіндегі 116 үйге газ желісі тартылған. Салынуы тиіс 23 055 ішкі кварталдық желінің 12 660 метрі тартылған, - дейді басқарма өкілі.

Жезқазған қаласы бойынша газдандыру үш кезеңге бөлініп, 6 іске қосу кешені бойынша жұмыстар жүргізіледі. Табиғи газ алдымен Талап пен Пристанционый елді мекендері жетеді. Қазіргі уақытта Талап ауылына желілерді жүргізу толық аяқталған. Елді мекеннің 8 көшесі мен 1 ықшам ауданындағы 148 үйге газ желісі тартылған. Ал Пристанционый елді мекенінде ішкі кварталдық жұмыстардың 70 пайыздан астамы аяқталған.

Мамандардың айтуынша, бір үйді орталықтандырылған табиғи газға қосу үшін орта есеппен 350 мың теңге қаржы керек. Бұл соммаға газ котелі, газдану дабылдағышы және тағы басқа құрылғылар мен оларды орнату және үй ішілік газ желісін тарту кіреді. Сонымен қатар, газ тарту кезінде бірқатар техникалық қауіпсіздікті сақтау қажет. Үйдің биіктігі 2,5 метрден кем болмауы керек, бөлмені желдететін терезенің болуы да маңызды. Айта кетерлігі, үйге газ тарту не тартпауды тұрғындардың өзі шешеді.

Өзгелердің жаңалығы