Түркістан облысында 14 адам суға батып қаза болған

16 Маусым 2020, 22:40
1687
Бөлісу:
Түркістан облысында 14 адам суға батып қаза болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында жазғы мезгілдегі өзекті мәселенің бірі су айдындарында қайғылы жағдайлардың орын алуы.

Мұның басты себебі - судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылу. 2020 жылдың басынан 14 адамның қаза болу оқиғасы тіркелді, олардың 9-ы кәмелет жасқа толмаған балалар. 2019 жылдың есептік кезеңінде 27 адам, олардың ішінде 18 бала болған. Демек, өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ТЖД-і бастығының орынбасары подполковник Ерік Сарыбаев мәлімдеді.

Департамент кең көлемде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Өңірдегі су айдындарында 355 дана шомылуға тыйым салу белгілері мен 53 көрнекі стенд орнатылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерді ескерту шаралары түсіндіріліп, демалыс аймақтары мен бассейндердің иелерімен 18 меморандум түзілді. Бұл бағытта жұмыс шомылу маусымы кезеңінде жалғасын табатын болады, - деді Е. Сарыбаев.

Сонымен қатар, брифингте спикер ағымдағы жылдың 8-14 маусым аралығында Түркістан облысында 87 өрт жағдайы тіркелгенін айтты. Өрттен 1 адам жарақат алған.

Көктемгі-жазғы өрт қауіпті кезең басталысымен Түркістан облысы ТЖД облыс тұрғындарын жеке секторда және бау-бақша аумақтарында отты пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Әрбір тұрғын үйде отты сөндіруге арналған құралдар мен өртке қарсы құрал-жабдықтар: суы бар ыдыс немесе өрт сөндіргіш, шелек, күрек және қосымша саты болуы тиіс. Өрт болған жағдайда «101» нөміріне қоңырау шалу қажет. Отты сөндіру қызметі бөлімшелері келгенге дейін тілсіз жауды сөндіру үшін барлық қолжетімді әдістерді қолдана отырып, өртке тез әрекет ету қажет. Есіктер мен терезелерді жабу керек, өйткені ауа ағыны өрттің таралуына ықпал етеді, - деді ТЖД-і бастығының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы