Облыстық білім басқармасы отандық тігіншілерді қолдауға шақырды

3 Тамыз 2019, 09:47
2163
Бөлісу:
Облыстық білім басқармасы отандық тігіншілерді қолдауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысы білім беру басқармасы отандық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетуге шақырады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Бұл туралы ведомство басшысы Дінислам Болатханұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында пост жариялады.

«Құрметті ата-аналар, мектеп басшылары! Жаңа оқу жылы жақындап, балаларды мектепке дайындау қамына кірісіп кеткен жайымыз бар. Қазір сіздерді алаңдататын үлкен мәселе – балаға қандай киім алып беру керек, не форма киеді деген ой. Білім басқармасына сіздерден осы бойынша сауалдар да түсіп жатыр. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысына сәйкес, мектеп формасы бойынша бір ғана талап қойып отырмыз, ол – мектеп формасы көк түсті болу керек! Ал, қалған мәселені ата-ана өзі шешеді», - деп жазды Дінислам Болатханұлы.

Оның айтуынша, мектеп басшылығы мен білім бөлімдері қай дүкеннен, қандай фасон алатындығына араласпайды және ол бойынша нұсқаулық бермейді.

«Осылайша біздер осы мәселедегі алып қашпа әңгімелерді тоқтатқымыз келеді. Егер форманы алдын ала сатып алып қойсаңыздар, оны киюге толық құқықтарыңыз бар, ауыстыруға міндетті емессіздер! Бір ғана өтініш, павлодарлық тігіншілерді қолдап, солардың өнімдерін алсаңыздар, ұлттық экономиканың дамуына мол үлес қосар едіңіздер», - дейді басқарма басшысы.

 

Өзгелердің жаңалығы