Облыс полицейлерінің опасыздығы

30 Маусым 2020, 20:24
1781
Бөлісу:
Облыс полицейлерінің опасыздығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшылығы және полиция органдары қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша онлайн-кеңес өтті.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 200-бабының негізінде автокөлікті оның иесінің рұқсатынсыз заңсыз есептен шығару фактісі бойынша аудандық полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторына қатысты қылмыстық іс шеңберінде ұсыну қаралды.

Алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау мақсатында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі нақты мерзімдері көрсетілген тиісті ұсыныстарды енгізді.

Айта кету керек, осы саладағы қылмыстардың басым бөлігі пара алумен және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланумен байланысты.

Соңғы бірнеше жыл ішіндегі жедел-тергеу тәжірибесін талдау полиция органдары қызметкерлері параларының көпшілігі құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға заңды шаралардың қабылданбауына байланысты екенін көрсетті. Сонымен қатар, талдау көрсеткендей, сотталған қызметкерлер ұсталған құқық бұзушыны босатқаны үшін, жасалған қылмыс туралы материалдарды тіркемегені үшін, қылмыс тоқтату туралы қаулы шығарғаны үшін пара алды. Мұндай әрекеттер әкімшілік ұстау туралы хаттамаларды, оқиға болған жерді қарау хаттамаларын бұрмалаумен, зардап шеккендер мен куәгерлердің жалған түсініктемелерін жасаумен байланысты болды.

Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан тәртіп пен заңдылықтың бұзылуы, сондай-ақ, полиция органдарындағы сыбайлас жемқорлық көріністері жоғары деңгейде қалып отыр. Құқық тәртібі мен заңдылықты нығайту құқық қорғау қызметін атқаратын адамдарға тікелей байланысты екенін есте сақтау қажет. Сондықтан, қызметтік міндетке адалдық, адамгершілік қағидаттарды сақтау тиімді қызметтің міндетті шарты ғана емес, сонымен қатар, қоғам тарапынан сенім білдіру құқығын қамтамасыз етеді, - деді аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Арман Рахимов.

Өзгелердің жаңалығы