Нығматулин мен Мұстафа Шентоп әріптестіктің негізгі басымдықтарын талқылады

27 Қыркүйек 2021, 12:19
1158
Бөлісу:
Нығматулин мен Мұстафа Шентоп әріптестіктің негізгі басымдықтарын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізге ресми сапармен келген Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесіп, екі ел Парламент өкілдерінің өзара іс-қимылын тереңдету туралы уағдаласты.

Кездесу барысында тараптар қос мемлекет арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда Түркиямен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлетініне назар аударды. Бүгінде бұл жолды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде жалғастырып, Нұр-Сұлтан мен Анкара арасындағы берік байланыс нығаю үстінде.

Мәжіліс төрағасы Түркия спикерінің Қазақстанға ресми сапары парламентаралық байланысты нығайту жолында маңызы өте зор екенін атап өтті.  

Сондай-ақ Палата төрағасы мәртебелі мейманға еліміздегі заң шығару қызметінің жаңалықтары туралы және оларды заң деңгейінде қамтамасыз ету жайында баяндады.

Атап айтқанда, түрік кәсіпкерлерінің қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризмді дамыту бойынша инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы сөз болды. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Мәжіліс депутаттары жұмыс істеп жатқан «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы шетелдік инвесторларға, соның ішінде түрік компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысы Түркістан қаласында өтетініне өте қуаныштымыз. Келесі жылы Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толады. Бұл да біз үшін ерекше маңызды. Біз өзіміздің шыққан жеріміз, тегіміз Қазақстан екенін ұмытпаймыз. Қазақстанға келген сайын өзіміздің ата-жұртымызға келгендей қуанышпен, мақтанышпен келеміз, - деді Мұстафа Шентоп.

Сонымен бірге Шентоп мырза түркітілдес елдердің байланысын нығайтуда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін атап өтіп,   Түркия үшін Қазақстанның орны ерекше екенін және рухани орталығы екенін жеткізді.

Нұрлан Нығматулин мен Мұстафа Шентоп парламентаралық диалог, Палата комитеттері арасындағы сындарлы байланыс Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға серпін беретініне назар аударды.

Айта кету керек, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанға ресми сапары аясында 28 қыркүйекте Түркістанда өтетін Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысына қатысады.



Өзгелердің жаңалығы