Нығматулин Мәжілістің 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

30 Желтоқсан 2020, 12:04
1498
Бөлісу:
Нығматулин Мәжілістің 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның 2020 жылғы соңғы жалпы отырысын өткізіп, қорытынды нәтижелерге тоқталды.

Тұтастай алғанда, осы шақырылым барысында Парламент палаталарының     23 бірлескен отырысы, Мәжілісте 1208 мәселе қаралған, 186 жалпы отырысы өтті.  Осы уақыт ішінде палатаның қарауында 487 заң жобасы болып, оның 432-сі қабылданып, Сенатқа жолданды. Ал бүгінгі таңда 391 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды. Тағы ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы шақырылымда 60 заң жобасына өздері бастамашы болды, - деді Нұрлан Нығматулин. 
Оның айтуынша, Мәжіліс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Экологиялық кодекс», «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі), Кедендік реттеу және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы алты маңызды кодексті қабылдады. 

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы шақырылым барысында «Nur Otan», «Ақ жол», «Халық коммунистері» партияларының фракциялары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы белсенді жұмыс істегенін айтты. 

Ерекше айту керек, біздің депутаттық корпус елде қалыптасқан жағдай кезінде де, карантин кезінде өз жұмысын бір күнге тоқтатқан жоқ. Қайта, заманға сай технологияларды пайдаланып, тиімді  жұмыс атқардық. Мәжіліс қызметі барысында халық көтерген нақты мәселелерді шешуге үнемі көңіл бөліп келеді. Осы бес жыл ішінде мәжілісмендер 1150 депутаттық сауал жолдап, тұрғындардан 23 700-ге жуық хат келіп, тиісті жауабы қайтарылған,- деді төменгі палата спикері. 
Сондай-ақ, депутаттар өңірлерді аралап, 17 мыңнан астам кездесулер ұйымдастырып, 1 млн астам халықпен кездесулер өткізген. 

Отырысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы депутаттарға еліміздің заңнамалық базасын жетілдіріп, отандық парламентаризмді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін, заң шығару процесіне белсенді араласқан барлық мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдеріне алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы