Нығматулин ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін көтерді

24 Мамыр 2019, 12:47
1870
Бөлісу:
Нығматулин ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенттік тыңдауда ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін көтерді. 

«Ғылымның рөлі артып келеді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жетістікке жеткен барлық елдің тәжірибесіне қарасақ, ғылымды өндіріспен біріктірмей бұл саланың тиімділігін арттыру мүмкін емес. Сол себепті отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аграрлық университеттермен, ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтастық орнатуы керек», - деп айтты Нығматулин. 

Мәжіліс спикері бүкіл елге инновациялық тәсілімен, отандық ғалым-аграрлық қызметкерлердің ғылыми әзірлемелерін енгізіп, рекордтық өніммен және көрсеткіштермен танымал Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының, Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік холдингінің жұмысын тілге тиек етіп, мысал келтірді. 

Парламент Мәжілісінің төрағасы агроөнеркәсіп кешені саласында кадрлар тапшылығы өзекті мәселе болып отырғанын айтты. 

«Бұл салада агроном, зоотехник, ветеринар дәрігер және тағы басқалар секілді сұранысқа ие мамандар тапшы. Жануарлар шаруашылығы саласында кадрлар тапшылығы мен ғылыми қамтамасыз етудің аздығына бірнеше себебі бар. Бірінші кезекте, бүгінде ауыл шаруашылығы еңбегі ең төмен төленетін мамандықтардың бірі болып отыр. Екіншіден, ауылдық жерлерде әлеуметтік инженерлік инфрақұрылым жеткілікті деңгейде қаладан артта қалып отыр. Үшінші, ауыл жұмысшыларының еңбек жағдайлары қаладағыдан анағұрлым ауыр», - деді Мәжіліс спикері.

Осыған байланысты Нығматулин мәселені шешу мақсатында қолға алынып жатқан шараларға назар аударды. 

«Баршаңызға белгілі, жастарды ауылға тарту мақсатында Елбасының бастамасымен 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама жас мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік жұмысшылар, мәдениет және спорт мамандарын қамтиды. Олардың қатарына 2012 жылдан бастап ветеринария мамандары кірді. Үкімет басқа да сұранысқа ие мамандықтарды қосуды қарастыруы керек», - деді ол.

Нығматулин ауыл инфрақұрылымын қолдау мен дамыту мақсатында «Ауыл ел бесігі» арнайы жобасы аясында жыл сайын 90 млрд теңге астам бөлінетінін және осы мәселелердің шешімі мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық ұстанымдары бір жерден шыққанда ғана нәтижелі болуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі төмен екенін, сол себепті әлі күнге дейін өнімдерді импорттап отырғанымызды айтты. 

Өзгелердің жаңалығы