NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келеді. Ол Астанада өтетін AI Month айлығының арнайы қонағы болады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әлемдік технология индустриясының жетекші тұлғаларының бірі Қазақстанға арнайы шақырумен келеді.
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг біздің шақыруымызбен Қазақстанға алғаш рет келіп, Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады, – деп жазды Жаслан Мәдиев Instagram парақшасында.
AI Month 23 қыркүйекте басталады
Astana Hub қолдауымен ұйымдастырылатын AI Month жасанды интеллект саласындағы мамандарды, әзірлеушілерді, стартаптарды, зерттеушілер мен технологиялық индустрия өкілдерін бір алаңға жинайды.
Айлық 23 қыркүйекте HackAlem AI хакатонымен басталады. Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, қатысушылар өз идеяларын әзірлеп, сынақтан өткізу барысында NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі AI Month бағдарламасы 23 қыркүйектен 23 қазанға дейін жалғасатынын хабарлаған. Ресми бағдарламада HackAlem AI хакатоны OpenAI қолдауымен өтіп, қатысушылар OpenAI Codex және компанияның технологиялық ресурстарын пайдаланатыны көрсетілген.
NVIDIA вице-президенті де Астанаға келеді
AI Month аясындағы маңызды іс-шаралар қазан айында жалғасады.
1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің отырысына NVIDIA компаниясының физикалық жасанды интеллектіні модельдеу жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады.
Ол Physical AI, цифрлық егіздер, физикалық әлемдерді модельдеу және роботтандырылған жүйелерді оқыту бағыттарындағы жұмыстарымен танымал. NVIDIA өкілдерінің AI & Digital Bridge 2026 іс-шараларына қатысатыны бұған дейін де ресми түрде хабарланған.
Ал 1-3 қазан аралығында Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді. Форум жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік, инвестиция, стартаптар, жаңа мамандықтар және креативті индустриялар тақырыптарын қамтиды.
Дженсен Хуангпен ЖИ болашағы талқыланады
AI Month бағдарламасы 23 қазанда қорытындыланады. Осы күні халықаралық alem.ai орталығында Жаслан Мәдиев пен Дженсен Хуангтың fireside chat форматындағы кездесуі өтеді.
Кездесу барысында жасанды интеллектінің болашағы, әлемдік технологиялық трендтер, ЖИ саласына қажетті мамандарды даярлау және Орталық Еуразияның технологиялық мүмкіндіктері талқыланбақ.
Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанның мақсаты – елді Орталық Еуразиядағы жасанды интеллект таланттары тоғысатын және перспективалы идеялар жаһандық нарыққа шығатын орталыққа айналдыру.
Осы бағытта Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мамандар даярлау, технологиялық кәсіпкерлікті қолдау және қажетті цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министр Дженсен Хуанг секілді әлемдік технология көшбасшыларымен тікелей диалог қазақстандық жас әзірлеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді деп есептейді.
Айта кетейік, NVIDIA – жасанды интеллектке арналған есептеу технологиялары мен графикалық процессорлар нарығындағы жетекші әлемдік компаниялардың бірі. Ал Дженсен Хуанг компанияны 1993 жылы құрған және содан бері оның бас директоры қызметін атқарып келеді.