5 кодекс, 9 заң және 28 нормативтік-құқықтық акті жаңа Су кодексіне сәйкестендіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгізді.
Оған қосымша Азаматтық, Жер, Экологиялық, Кәсіпкерлік, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстерге өзгерістер енгізіледі.
Сондай-ақ, 28 нормативтік-құқықтық акті мен 9 заң жаңа Су кодексіне сәйкестендіріледі.
Бұл «Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы», «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы», «Ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметі туралы» заңдар.
Жаңа Су кодексі - бұл су саласының негізгі жүйесі болатын іргелі құжат. Құжаттық бөлік көпшілікке әрдайым қызық бола бермейтінін түсінеміз, бірақ бұл кодекстің негізі және Қазақстанның су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретіндей етіп жасадық. Кодекс шынымен тиімді болуы үшін басқа құжаттарға да өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте түзетулер ауыл шаруашылығынан бастап қоршаған ортаны қорғау мен электр энергетикасына дейінгі барлық мүмкін бағыттарды қамтиды,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.