Нұржігітов таластықтардың талап-тілегін тыңдады

10 Қараша 2022, 22:32
909
Бөлісу:
Нұржігітов таластықтардың талап-тілегін тыңдады

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен 1040 кездесуі өткен десек, оның 32-і  облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.

 Алдымен аймақ басшысы Кеңес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында округ әкімі Еркебұлан Тәттібай атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша есеп берді.

 Округ бойынша 2  елді мекен, 211 аула  бар, онда  1741 адам тұрады. 211 аула ауыз суға және 174 аула табиғи газға қосылған. 27 ауланың құжаттары рәсімделуде, жыл соңына дейін толық аяқталмақ.

 Ауылдық округ бойынша жалпы тіркелген 42 шаруа қожалық бар, оның ішінде 19 шаруа қожалық заңды жұмыс атқаруда. Қалған 23 шаруа қожалық иелерімен және округ аумағынан басқа жерге қоныс аударуына байланысты қожалықтарды жауып, тиесілі жерлерін қайта айналымға қосу жұмыстары жүруде,-деді Еркебұлан Тәттібай.

 Өз кезегінде ауылдықтар ауыз судың сағаттап берілуі, ағын су, жолдарды жөндеу, субсидия және тағы да басқа мәселелерді көтерді.

 Облыс әкімі елді мекенге таза ауыз суды тәулік бойы беру бойынша жұмыс жүргізу үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, округтегі үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануда суармалы су мәселесінің маңыздылығына назар аударды. Бұл тұрғыда ауыл әкімі ұңғыма қазу жұмыстарын жүйелі түрде үйлестіру керектігін жеткізді.

 Жиында өзге де мәселелерге аймақ басшысы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар беріп, кейбір жайттар бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.

Бұған дейін айтылғандай, ауылдық округ әкімдері елді мекендердегі барлық ауланың жағдайынан жақсы хабардар болып, олардың әрбірінің тұрақты табысының болуын қамтамасыз етуі керек. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдаулар бойынша жан-жақты ақпарат беріп, құжаттама жұмыстарына көмек көрсетуі маңызды. Ауылда шағын жеке инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Бұл – олардың жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі,-деді Нұржан Нұржігітов.

 Дәл осындай кездесу С. Шәкіров ауылдық округінде де өтті.

 Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы