Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына барды

Бөлісу:
Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына барды
Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нұржан Нұржігітов Арал ауданының тұрындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Көкарал бөгеті салынды және Солтүстік Аралдағы су көлемі 27,1 млрд текше метрге жетті. 

Нұржан Нұржігітов Сырдария өзеніндегі жаңа су торабының құрылыс алаңына барды. Аманөткел ауылының маңында салынып жатқан су торабы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйесіне су толтыруға мүмкіндік береді.

Министр «Әйтек» су торабының жұмысымен де танысты. Су торабы облыстың Сырдария және Жалағаш аудандарының егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз етеді және Солтүстік Аралға су жібереді.

Нұржан Нұржігітов Сырдария және Жалағаш аудандарының шаруаларымен сөйлесті. Дихандар қазіргі уақытта екі ауданда да су жеткілікті екенін айтты.

Министр Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына барды. Қазір институт топырақтағы ылғалды сақтау үшін мажарлық препаратты сынақтан өткізуде. 

«Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында Шиелі ауданының шаруаларымен кездесті. Жергілікті шаруалар су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып өсірген өнімдерін министрге көрсетті.

Өңірге сапары аясында Нұржан Нұржігітов «Талап» су қабылдағышына барды. Талап топтық су құбырын реконструкциялау жұмысы аяқталуға жақын. Келесі жылы Арал ауданының Ақбасты, Абай және Тоқабай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын және «Байқожа» топтық су құбырын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы