Нұртөре Жүсіп: Төтенше жағдай министрлігінің апатты ахуалдың алдын алу міндеті ұмытылды

8 Желтоқсан 2022, 14:12
936
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп: Төтенше жағдай министрлігінің апатты ахуалдың алдын алу міндеті ұмытылды

Бұл туралы депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Елімізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жыл сайын көбейіп бара жатқанына тоқталған сенатор саладағы тетіктерді жетілдіру туралы мәселе көтерді.

Су тасқыны, қар көшкіні, сел мен жаңбыр, дала мен ормандағы өрттер көбейді. Жақында Екібастұзда авария болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері қаланың жылу орталықтарында болған авария салдарын бақылау үшін қайта-қайта шапқылап жатыр. Төтенше жағдайдағы басты ұран: «Алдын алу, құтқару және көмек беру» болуы тиіс. Көп жағдайда біз тек қана құтқару мен көмек беру ісімен айналысып келеміз. Адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу ТЖМ органдарының тікелей міндеті ылғи ұмытылып қалады. Неліктен бұлай?, - деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор сондай-ақ апатты ахуал туындаған кезде Үкімет өз міндеттерін орындап, тез әрекет етудің орнына Президенттің нұсқауын күтіп қалатыны, сөйтіп проблемаларды шешу процесін кешіктіретінін түсіне алмайтынын айтты. Сенатор Үкімет басшысының атына айтқан ұсыныстардың ішінде аса маңызды нысандарға қауіпсіздіктің кешенді жүйесін енгізудің маңызын атап өтті.

Бірыңғай геоинформациялық жүйеге мониторинг жасау арқылы барлық жерде интеграцияланған қауіпсіздік жүйесін енгізу керек. Атқарушы билік пен ТЖМ қызметін бағалауда міндетті түрде халықты және сол аумақтарды қорғау ісінде алдын алу шараларын қалай жасап жатқаны ескерілсе деймін, - деді Нұртөре Жүсіп.

Депутат сондай-ақ барлық деңгейдегі тиісті лауазымды тұлғалардың төтенше жағдайдың алдын алу және өрт, су және техногендік қауіпсіздікті ұйымдастыру жөнінде нақты жұмыс жүргізгені үшін жеке жауапкершілігін енгізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы