Нұртөре Жүсіп: Қазақтың жас ұрпағы Ұлттың ұлы қасіретін сезіне ала ма?

17 Ақпан 2021, 21:02
2026
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп: Қазақтың жас ұрпағы Ұлттың ұлы қасіретін сезіне ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп ашаршылық тақырыбын түбегейлі зерттеу қажет екенін айтты.

Қазақтың тең жартысының аштан қырылуы Қасірет пе? Қасірет! Енді осы қасіретті әлемдік деңгейде әйгілеу үшін не істейміз? Қазақтың жас ұрпағы Ұлттың ұлы қасіретін қалай сезінеді? Сезіне ала ма? Біз осы бір қасіретті кезең туралы сөз еткенде аштан қырылған халықтың нақты саны туралы әлі анық білмейміз. Бірде 1,5 миллион, енді бірде 3,5 миллион адам қырылды деген деректер бар. Тарихшылар мен зерттеушілер осының бәрін терең зерттеп, бір ізге келтіруі тиіс. Бұл деректер нақтыланған соң алда жазылатын Қазақстан тарихы туралы оқулықтарға енгізілуі керек - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, ашаршылық тақырыбын түбегейлі зерттеу қажет.

Осы ретте Азаттық жолындағы ақтаңдақтар аршылуы, архивтерде шаң басып жатқан құжаттар терең зерттеліп, ғылыми айналымға түсуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында осы тақырыпқа тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керектігін айтқан еді. Биыл 1921 жылғы ашаршылыққа 100 жыл толады. Ұлттық академиялық кітапханада «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел тап осы мақсатқа арналды. Осы алқалы жиында белгілі отандық және шетелдік ғалымдар қазақ даласындағы ашаршылықтың зардабы, себебі мен салдары туралы кеңінен пікір алысты - деді Нұртөре Жүсіп.

Ол сонымен қатар, "Бұл тақырып, ең алдымен, тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет. Өйткені қазір әлемдік ахуал өте күрделі және құбылмалы екенін көріп отырмыз. Күн өткен сайын қарама-қайшылықтар тереңдеп, түрлі қақтығыстар қарқын алып тұр. Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес. Дәл осындай жағдайда тәуелсіздігімізді мызғымастай берік ету – басты міндетіміз. Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал Тәуелсіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады", – деген Сенат Төрағасы Мәйлен Әшімбаевтың сөзін мысалға келтірді.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ХХ ғасыр – қазақ үшін қиянатты, өте ауыр ғасыр болды. 1921-1930 жылдардағы аштықта қазақтың тең жартысынан айрылдық. Одан кейін репрессия болды. 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды. Оның 25 мыңы атылды. Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиыншылықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүние жүзіне шашырап кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді», - деп өткен ғасырға баға берген болатын - деп атап өтті сенатор.

Өзгелердің жаңалығы