Нұртөре Жүсіп денсаулық сақтаудағы кәсіподақтың рөлі туралы айтты

Бүгiн, 20:21
129
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп денсаулық сақтаудағы кәсіподақтың рөлі туралы айтты
Фото: Сенат

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп "AQNIET" Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Медицина қызметкерлері азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етді және қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Алайда, олардың жұмысы бағаланбайтын кезі көбірек және жұмыс жағдайы да жақсартуды қажет етеді. Мемлекет дәрігерлердің алдында тұрған нақты қауіп-қатерді ескеріп, оларға лайықты жағдай жасауы тиіс және әлеуметтік қорғау мен лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз етуі керек, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Сенатор жалақының төмендігі мен жүктеменің жоғарылығы денсаулық сақтау саласындағы басты мәселенің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, медициналық мамандығының күрделілігі мен жауапкершілігін ескеру үшін жалақы жүйесі қайта қаралуы керек.

Нұртөре Жүсіп сондай-ақ жалақыны көтеруден басқа, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікке, дәрігерлерді тұрғын үймен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге назар аудару қажет екенін жеткізді.

Сала мәселелерін талқылауда "AQNIET" кәсіподағы сияқты кәсіби бірлестіктердің маңызды алаңға айналғанына куә болып отырмыз. Олардың белсенді жұмысы медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғауға және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға ықпал етеді, - деп атап өтті депутат.

Тараптар кездесу соңында денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерін талқылап, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар алмасты. Сенатор қолайлы еңбек жағдайын жасау және медицина мамандарының беделін арттыруда мемлекет, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы