Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада БАҚ өкілдері арасында волейболдан журналистер біріншілігі басталды. Алғашқы маусымда ғана өмірден озған белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлына арналады.
Волейболдан журналистер арасындағы толыққанды чемпионатты «BAQ league қоғамдық қоры» ұйымдастырып отыр. Біріншілікке 8 команда қатысуға өтініш берген. Арасында «ҚазАқпарат» командасы да бар. Бүгін бірінші турдың ойындары өтті.
«ҚазАқпарат» алғашқы ойында «7 арнамен» кездесті.
Бұған дейін отандық масс-медиалар арасында шағын футболдан сегіз маусымды ұйымдастырдық. Дегенмен, шыны керек, футболдың аудиториясы жас. Аға буын өкілдері бірен-саран, ал қыздар мүлдем жоқ. Жанкүйер ретінде келгенімен өздері тікелей қатыса алмайды. Ал БАҚ лиганың басты мақсаты - БАҚ өкілдерінің басын қосу. Сондықтан, жобамызға волейболды да қосуды жөн көрдік. Мұнда ұлдар да, қыздар да, аға буын әріптестеріміз де қатыса алатындай етіп жасадық. Яғни, журналистердің тимбилдингі үшін тағы бір таптырмас орта қалыптасайын деп тұр, - дейді ұйымдастырушы Әзиз Жұмәділ.
Алғашқы маусымды «Qazaqstan» РТРК ұсынысымен жақында ғана өмірден озған белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының рухына арнап отыр.
Оның туған күні 14 мамыр. Соған орай, 15 мамырда бастадық. Әлбетте, шағын футболдан да БАҚ лига біріншілігі жалғаса береді. Ол өз орнын тауып, қалыптасып қойған біріншілікке айналды. Бұйырса, волейбол біріншілігі де жылдам қарқын алып, қанат жая дамиды деп үміттенемін, - дейді Әзиз Жұмәділ.