Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдулла Гүлмен телефон арқылы сөйлесті.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, әңгімелесу барысында Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер, әрі тәуелсіз Қазақстанның егемендігін бекемдеп, аймақтағы көшбасшы ел ретінде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет қайраткері екендігін атап өтті.
Абдулла Гүл Елбасына зор денсаулық және алдағы қызметіне табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады.
Телефон арқылы сөйлесуге түрік жағы бастамашы болды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен телефон арқылы сөйлесті.
Польша Президенті Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешімінің тарихи мәні бар екенін атап өтті.
Анджей Дуда Ұлт көшбасшысының заманауи Қазақстанды қалыптастыру мен дамыту ісіндегі рөлін жоғары бағалап, достық пен сенімге негізделген Қазақстан-Польша ынтымақтастығын жемісті ілгерілетуге зор еңбек сіңіргені үшін алғыс айтты.
Польша Президенті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына мықты денсаулық, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Анджей Дуда тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.