Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласпайды, ол кісімен ақылдаспаймыз - Мәулен Әшімбаев

9 Маусым 2022, 14:08
1847
Бөлісу:
Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласпайды, ол кісімен ақылдаспаймыз - Мәулен Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жалпы отырыстан кейін кулуарда журналистердің сұрағына жауап берді.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазір саясатқа араласа ма? Қандай да бір шешім қабылдауға ықпал ете ме? Ол кісімен ақылдасасыз ба? - деп сұрады БАҚ өкілдері.

Жалпы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін саясатқа араласып жатқан жоқ. Өздеріңіз де оны білесіздер. Көріп отырсыздар. Әрине, әртүрлі жағдайлар болған кезде, референдум секілді шараларға ол кісі міндетті  түрде қатысады. Азамат ретінде, саясаткер ретінде әрбір Қазақстан азаматы референдумға қатысады . Солай ғой? Тұңғыш президентіміз де Қазақстанның азаматы, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласып отырған жоқ екенін айтты.

Барлық мәселе заңда көрсетілгендей шешіліп жатыр. Конституцияға сәйкес, президенттің құқықтары бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол құқықтардың бәрін жүзеге асырып жатыр. Үкіметтің, Сенаттың, Мәжілістің құқықтары бар. Нұрсұлтан Әбішұлы референдум болған кезде Қазақстан азаматы ретінде өз дауысын берді, - деді Сенат төрағасы.

Тілші сұрағын нақтылап, тағы да «яғни сіздер ол кісімен ақылдасатындарыңызды мойындайсыз ғой?» деп сұрады.

Әшімбаев олай айтпағанын ескертті.

Ол кісімен ақылдаспаймыз. Ол кісімен ондай ешқандай шаралар жоқ. Мен олай айтқан жоқпын. Жалпы қазіргі кезде барлық биліктің тармақтары, мемлекеттік органдар заңда көрсетілген құзыреттердің барлығын өздері заң жүзінде жүзеге асырып жатыр, - деп түсіндірді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы