«Нұрлы жер» бағдарламасы: Қостанайда 13 үй ескі бағамен сатылады

12 Ақпан 2021, 14:16
2138
Бөлісу:
«Нұрлы жер» бағдарламасы: Қостанайда 13 үй ескі бағамен сатылады

 

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз айында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына кезекті рет өтінім қабылдау басталады. Биыл баспана бағасы 2019 жылдың деңгейінде қалып отыр.

«Отбасы банкінің» Қостанайдағы филиалының бөлім бастығы Әмір Ескендіровтің айтуынша, 1 наурызда Қонай шағын ауданындағы алғашқы 45 пәтерлі үйге өтініштер қабылданады. Содан кейін әр екі апта сайын жаңа үйге байқау жарияланып тұрады. Жалпы 13 нысан baspana.kz порталына қойылады. 

Жылжымайтын мүлік порталында алғашқы 13 үй ескі бағамен сатылады. 1 шаршы метрдің құны – 140 мың теңге. Банк қызметкерлерінің ақпаратына сүйенсек, бұл 2019 жылдың шарттарына сәйкес келеді. Дәл сол кезде Қонайда салынып жатқан үйлерге жергілікті атқарушы орган мен банк арасында келісім жасалған.

Қалалық әкімдікте кезекте тұрған болсаңыз, онда сізге өтуге мүмкіндік көп, өйткені үйдің жартысы соларға, жартысы банк салымшыларына беріледі, - дейді Әмір Ескендіров. 

Ол өткен жылы мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылғанын атап өтті.

2020 жылы 6 млрд теңгеден астам сома көлемінде несие берілді. Яғни мемлекеттік бағдарлама көмегіне 900-ге жуық адам жүгінген, - деді бөлім бастығы. 


 

Әмір Ескендіровтің сөзінше, үй алуға өтінімдер baspana.kz порталы арқылы электронды түрде де қабылданады.

 

Өзгелердің жаңалығы