Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 859 мың шаршы метр немесе 7100 мың тұрғын үй салу міндеті тұр, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Биылғы І тоқсанда салаға 28 млрд теңге инвестиция бағытталды. Үш айда облыс бойынша барлығы 191,9 мың шаршы метр немесе 1 489 жеке үй пайдалануға берілді.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл облыста инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 22,3 млрд теңге сомасында 66 жоба іске асырылып, 2 330 адам жұмыспен қамтылады.
2020 жылы жалпы ауданы 95,1 мың шаршы метр болатын 1 602 жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 33 жобаны іске асыру үшін 9 млрд теңге қарастырылған. І тоқсан қорытындысы бойынша әкімдікке 868,4 млн теңге аударылып, ол 100% игерілді. Жыл соңына дейін 37,5 мың шаршы метр немесе 682 жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мұндай үйлердің құрылысына 825 адам жұмысқа тартылады, - делінген баспасөз хабарламасында.
Кредиттік тұрғын үй құрылысына 15 жобаны іске асыру үшін 10,4 млрд теңге қарастырылған. Биыл І тоқсан қорытындысы бойынша әкімдікке 420,9 млн теңге мөлшерінде облигациялар шығарылды, 100% игерілді. 57,6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 920 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ол үйлерді салу үшін 1 040 жұмыспен қамтылдады.
Сонымен қатар, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2%-бен несие берілетін "Бақытты отбасы" бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен облыс әкімдігіне 519 тұрғын үй үшін 5,2 млрд теңге қарастырылған.
Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 18 жобаны іске асыру үшін 2,9 млрд теңге қарастырылған. Ол жобаларда 465 адам жұмыспен қамтылады.