Нығматулин Польша Сенатының төрағасымен ынтымақтастық бағыттарды талқылады

8 Қараша 2021, 14:25
1388
Бөлісу:
Нығматулин Польша Сенатының төрағасымен ынтымақтастық бағыттарды талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілісте Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Польша Республикасының Сенат Маршалы Томаш Гродзкиймен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Палата Списері келесі жылы Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, осы жылдар ішінде елдер арасында сенімді саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың белсенді дамығанын жеткізді.

Кездесу барысында Мәжіліс төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі ерекше екенін, осы жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдер арасындағы жан-жақты әріптестікті дамытуға зор мән беретінін атап өтті.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мәртебелі мейманның елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және елдеріміз арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге елеулі серпін берді.

Өз кезегінде, Томаш Гродзкий Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамыту, халықтар арасындағы қатынастар достық пен өзара көмек негізінде құрылатынын атап өтіп, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің достық пен келісімде өмір сүріп жатқанына қызығушылық танытты.

Сонымен қатар тараптар парламентаралық диалогты арттыруға ерекше назар аударды.

Отырыс барысында Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси жүйені реформалау, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жұмыстарға назар аударды. Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ Қазақстан Парламенті елді саяси жаңғырту үшін қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз ете отырып, бұл процеске белсенді түрде тартылғанын атап өтті.

Мәжіліс төрағасы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығы туралы айта келіп, поляк әріптесіне қазақстандық және поляк парламентшілерінің ынтымақтастық жөніндегі топтар, сондай-ақ заңнамалық тәжірибемен алмасу үшін тиісті комитеттер деңгейіндегі өзара байланысты күшейтуді ұсынды.

Өз кезегінде, Сенат Маршалы Томаш Гродзкий поляк сенаторларының Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин поляк әріптестерін және Польша халқын 11 қараша күні атап өтетін ұлттық мереке – Польша Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.


Өзгелердің жаңалығы