Нұрлан Ноғаев Бибісара Асаубаеваны шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

20 Қаңтар 2022, 19:10
1559
Бөлісу:
Нұрлан Ноғаев Бибісара Асаубаеваны шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 20 қаңтарда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев шахматтан өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Бибісара Асаубаева мен оның анасы әрі бапкері Лиана Таңжарықованы қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Маңғыстау облысының атынан шығып жүрген 17 жасар Бибісарана айтулы жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Бибісара Асаубаеваны ересектер арасында блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Сіз халықаралық бәсекеде жоғарғы спорттық шеберлік танытып, еліміздің және Маңғыстау өңірінің мерейін үстем еттіңіз. Сіздің шахмат бойынша ең жас чемпион атануыңыз отандық спорт үшін тарихи оқиға деп есептеймін. Әлі де алар асуларыңыз көп болып, табыстан табысқа жете беруіңізге тілектестік білдіремін, - деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаев Бибісара Асаубаеваны шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Бибісара Асаубаева Варшавада өткен әлем чемпионатында ересектер арасындағы шахматтан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын жүлдені иеленді. Осылайша, Бибісара шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін Бибісара балалар мен жасөспірімдер санаттарында 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін әлем вице-чемпионы атанды. Шахмат тарихындағы ең жас Fide Master атағының иегері. 2017 жылы  «Әлем құрамасы» сапында «Ғасыр матчы» халықаралық турнирінің жеңімпазы болды. 2019 жылы  Украинада «Алтын Монғоз» Халықаралық жыл сыйлығының номинанты және иегері атанды.

Бибісара Асаубаева тұрақты түрде маңғыстаулық спортшыларға шеберлік сағаттарын өткізіп, өңір шахматшыларының қатарын көбейтуге атсалысып келеді.

Өзгелердің жаңалығы