Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Алматы облысында болды

3 Сәуір 2022, 10:21
2075
Бөлісу:
Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Алматы облысында болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіровтің өңірлерге жұмыс сапарлары жалғасуда. Бұл жолы ол Алматы облысында болды,деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі. 

Талдықорған қаласында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Алматы облысы бойынша шығып қалған депутаттың орнына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Сайлау 2022 жылғы 22 сәуірге тағайындалған.

Отырыс Алматы облысының аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың, жастар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық режимде өтті.

Отырыс соңында ОСК Басшысы өңір жастарымен жеке кездесу өткізді, онда құқықтық мәдениетті дамыту және жастардың электораттық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.

ОСК Басшысы жастардың сайлауға қатысуының және әрбір сайлаушының дауысының маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ жас сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Аудитория ОСК Төрағасының сөзін қызығушылықпен қабылдады, ол жастарды әртүрлі деңгейдегі сайлауда қолданылатын сайлау жүйелерімен, Қазақстан Республикасы сайлау органдарының жұмысымен, сайлау комиссияларының құрамын қалыптастырудың өкілеттіктері мен принциптерімен таныстырды.

Кездесу барысында жастарға сайлау процесінің негізгі мәселелері бойынша онлайн-сауалнамаға қатысу ұсынылды, оның нәтижелері бойынша: сұралғандардың 54,5%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайтынын білдірді. 27%-ы аралас электрондық (стационарлық және қашықтықтан) дауыс беруді жөн деп санады. Респонденттердің 63,6%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан міндетті деп санайтынын алға тартты. Сұралғандардың 54,5%-ы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, әкімдердің сайланбалы қызметтеріне кандидат ретінде ұсынуға болмайды деп жауап берді. Сондай-ақ респонденттердің 45,5%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутаттың бір партиядан екіншісіне ауысуына жол берілмеуі тиіс – деген ойларын білдірді. Атап өту қажет, аталған сауалнама алғаш рет электрондық форматта жүргізіліп отыр.

Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров жастарға алға қойған мақсаттарына қол жеткізу жолында табыс тілеп, оларды Қазақстан Республикасының Конституциясымен берілген сайлау құқығын белсенді пайдалануға шақырды.

2022 жылғы 1 сәуірде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров І. Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде саяси партиялар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 400-ге жуық адам қатысты.

Кездесуде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңарту мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген сайлау процесін жаңғырту жөніндегі ұсыныстары талқыланды.

Белсенді әрі мазмұнды талқылау болып, ОСК мүшелері көптеген ұсыныстарды тыңдады және тікелей сайлау жүйесіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Оchaq» Тұрақты даму орталығы» ҚБ жетекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының профессоры Сарқытбек Молдабаев халықты сайлау құқығы саласы бойынша құқықтық ағартудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтіп, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, кандидаттарды, сенімді тұлғаларды, байқаушыларды, БАҚ-ты жүйелі негізде оқытуды ұсынды.

Сондай-ақ ол шет мемлекеттердегі сайлауды бақылау тәжірибесімен бөлісіп, сайлау процесіне цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен бірге басқа қатысушылар бұл кейбір ұйымдастырушылық және техникалық қауіп-қатерлерді тудыруы ықтимал деп санайтындарын алға тартты. Осылайша, олар өңірлер арасында цифрлық теңсіздік, сондай-ақ халықтың интернетке үздіксіз қол жеткізу проблемалары бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі егде жастағы сайлаушылардың цифрлық сауаттылығы жас буыннан артта қалып отыр.

«Қазақтелеком» АҚ ардагері Жексенбай Мейрамбаев электрондық дауыс беруді де, қағаз бюллетеньдерді пайдалана отырып дәстүрлі дауыс беруді қамтитын аралас түрді енгізуді ұсынды. Ол интернет проблемасы бар жерлерде дауыс беру үшін дәстүрлі тәсілдерді қолдануға болатындығын алға тартты.

Алдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутатының сайлауын, сондай-ақ ауыл әкімдерінің сайлауын ескере отырып, кандидаттар арасында сайлау алдындағы дебаттарды өткізу қажеттілігі туралы ұсыныстар келіп түсті.

Нұрлан Әбдіров дебат өткізуді қолдайтынын, ал үміткерлер дебатты ешқандай шектеусіз ұйымдастырып, өткізе алатынын айтты. Сонымен қатар, дебат сайлаушыға кандидаттардың жеке қасиеттерін тексеруге ерекше мүмкіндік бермек. Сондықтан, еркін және ашық дебаттарды өткізу сайлаудың бәсекелестік сипатының маңызды белгісі болып табылады.

Осы күні Ортсайлауком өкілдері Көксу ауданының Мұқыр ауылдық округінде болып, әкімнің ауылды дамыту жөніндегі жұмысымен танысты, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесті. Жалпы, ауыл тұрғындары өздері сайлаған әкімнің қызметіне оң баға беріп, ауыл әкімдігінің бюджетін қалыптастыру көздерін кеңейту бойынша ұсыныстар жасады.

Сондай-ақ Ортсайлауком Төрағасы Көксу ауданының Еңбекші ауылдық округінде болып, Амангелді ауылының №664 учаскелік сайлау комиссиясының ағымдағы жылғы 3 сәуірге белгіленген ауылдық округ әкімін сайлау бойынша дауыс беруге дайындық жұмыстарымен танысты.

Өзгелердің жаңалығы