Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Міне бүгіннен бастап еліміз Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осы орайда М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік және Ақтөбе аймақаралық мемлекеттік университеттерінің «Құрметті профессоры» Нұридін Балқияұлы тәуелсіздікке қатысты өз ойларымен бөлісті.
Егде тартқан жандардың өкілі ретінде айтарым: еліміз егемендікке қол жеткізген жылдары халқымыздың рухы көтерілді. Өйткені Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Тәуелсіздік – мемлекетіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі, қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ, ең қымбат қазына, асыл аманат. Егемендік әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Түсінген жанға бойға қуат, жігер беретін үлкен мақтаныш. Алғашқы он жылдық Егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30-жылдығына қадам бастық. Бұл – баршамызға ортақ, өнегелі өлшем тағлымды кезең. Жаңа мемлекет құруға ат салысқан бүкіл халқымыздың ерең еңбегінің шежіресі. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» - дейді қарт ұстаз.
Нұридін ақсақал осынау асқар сезім мен терең ұғымды салыстырмалы түсінуде егемендікте болмаған сонау жылдардағы бір жайтты есіне алды.
Онтүстік Қазақстан облысының партия комитетінің өндіріс-көлік саласы комитетінің меңгерішісі ретінде бүкіл Одақ бойынша аталған сала партия комитеттерінің меңгерушілері Мәскеу жоғары партия мектебінде білім көтеру бойынша бір айлық оқуда болғанымда, партияның жоғары лауазымды қызметтегі әріптестеріміз Қазақстан Республикасының сол кездегі басшысы Д.А.Қонаевтың Бүкілодақтық партия комитетінің бюро мүшесі бола тұрып, Қазақстанның Одақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы үлесі мен орнын ажырата алмайтынына куә болғанбыз. Бүгінде Егеменді Қазақстан әлемге танымал, дүниежүзілік Біріккен ұлттар ұйымында, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдардың күрделі де, келелі мәселелерін шешуде бас қосатын, бейбітшілік пен халықаралық қарым-қатынаста, оңтайлылық көрсетіп ұтымды ұсыныстар айта алатын мемлекет қатарында – дейді профессор.
Оның ойынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы – ел игілігінің барометрі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы халыққа Жолдауында ел игілігіне бағытталған мемлекеттік басқарудық жаңа үлгісін (мемлекеттік басқару, кадр саясатын, шешім қабылдау жүйесін және оларды орындау жауапкершілігін өзгерту); Жаңа жағдайдағы экономикалық даму (әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру, ол - халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, ұлттық табыстың өсіміне түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «Лифттерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабын міндетті орындау); Сондай-ақ ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арады қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту (қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамту, ауыл шаруашылығын, көлік-логистика кешенін дамыту, теңгерімді аумақтық даму азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беру) тағы басқа да шешуші мақсаттарға бағытталған іс-қимылдар нақтыланғаны белгілі – дейді академик.
Дей тұрғанмен, өткен жылдары дамыған 30 елдің қатарына жетуге бағытталған ізгі бағдарламалар мен жоспарларды іске асыруда жіберілген кемшіліктер бар.
Оның ішінде жоғары табыс әкелетін күрделі, жоғары өтімді активтер – өндірістік және мұнай мен газ өндіретін шешуші кәсіпорындарының кейбірінің сенімсіз жекеге, оның ішінде шет елге өтуі, оларда сырттан келген жұмысшылардың шектен тыс көбеюі, еліміздің сыртқы қарызының ұлғаюы, сондай-ақ Қазақстан Бірінші кредиттік бюросының (БКБ) мәліметінде көрсетілгендей, несие алушы адамдар саны мен несиелік қарыздарының артуы, әртүрлі атақты (имиджді) жобаларға жұмсалған ысырапшылдық пен барлық саланы жайлаған жемқорлық фактілері аға буынды қатты толғандыратыны өмір шындығы – дейді ол.
Биылғы тәуелсіздік күні қарсанында сөйлеген сөзінде ел Президенті Қ.Ж. Тоқаев әлемді жайлаған коронавирус жағдайында, басқа түскен қиындықтарды шешумен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан игі іс-шараларды атап көрсетті.
Қуантарлығы, білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жаңа бағдарламасын іске асыруға ЖІӨ-нің 7 пайыз көлемінде қаржы бөлу көзделген. Бұл игі жоспар тиянақты орындалса, талапты жастар бойында белсенділік, қажырлық, іскерлік, ұйымдастырушылық сияқты ұлағатты қасиеттер жинақталып, білімді, білікті, ұқыпты және жауапты іскер де, еңбекқор жұртқа айналарымыз хақ. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі, 3 триллионнан астам теңге қарастырылған денсаулық сақтауды дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы көңілге демеу береді. Қазақстанның бәсекелестік қабілеттілігін нақты ұлғайту үшін өзіміздің барлық күштерімізбен қорларды жұмылдырып, ұлттың бірлігін нығайтып, тәуелсіздіктің құндылықтарына қызмет ету әрқайсымыздың Отан алдындағы борышымыз екенін ұмытпайық ағайын! – дейді ардагер ұстаз.
Оның ойынша, Президенттің әрбір сөзі «Отаным – жаным» деген жанның жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады.
Әрине ел тағдырын шешетін егемендікті нығайтатын үлкен игі шараларды орындау үшін үлкен-кіші болып бойымыздағы Отанға деген сүйіспеншілікке сәйкес ауызбіршілікте қол ұстасып, беріле еңбек еткен жөн болар. Тек жақсы тілек жарты жолда қалмасын! – дейді Нұридін Балқияұлы.