Нұрбек: Ғылым мен білім Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі басымдықтардың бірі болмақ

10 Қазан 2022, 14:01
1962
Бөлісу:
Нұрбек: Ғылым мен білім Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі басымдықтардың бірі болмақ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру саласындағы маңызды мәселелер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр БҒМ-нің бөлінуін жоғары білім беру жүйесін реформалауға қадам деп санайды.

Жоғары білім және ғылым мәселелеріне жетекшілік ететін бейінді министрлік құру туралы шешімді Президент 1 маусым күні Ұлттық Ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында айтты. Онда Мемлекет басшысы «ХХІ ғасырда мемлекеттің күші мен қуаты, халықаралық аренадағы беделі ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенеді» деді. Иә, шын мәнінде бұл жоғары білімді басқарудағы реформа, ал ғылым мен білім Жаңа Қазақстанды құрудағы басты басымдықтардың біріне айналады,деді министр.

Сондай-ақ, министр төрт ЖОО базасында пилоттық режимде бағалаудың жаңа моделін – интегралды GPA енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Осы тәсілге сәйкес, студенттердің үлгерімін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі оның зерттеу белсенділігі болуы керек.Сондай-ақ, жас зерттеушілерді қаржылай қолдау үшін 3 қазанда «Жас ғалым» жобасы бойынша байқау басталды. Қатысуға өтінімдер табиғи ресурстарды, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану; минералдық және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу; энергетика және машина жасау және басқалар сияқты бағыттар бойынша қабылданады- деді Саясат Нұрбек‎.

 Келесі мәселе жоғары білім беру жүйесіндегі проблемалар. Министр берген сұхбатында да бұл проблемаларды тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда реформалардың көптігіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесінде көптеген жүйелік проблема шешілмеген күйінде қалып отыр. Олардың ең бастысы, менің ойымша, отандық жоғары білім мен ғылым жүйесінің қоғам мен экономиканың нақты қажеттіліктерінен алшақтығы. Университеттер мен ғылыми ұйымдар еңбек нарығы мен экономиканың қажеттіліктерімен әрдайым сәйкес келе бермейтін «өз әлемдерінде өмір сүріп жатыр, - деді министр.

Айтуынша, қазір бүкіл әлем еңбек нарығында өте жылдам әрі түбегейлі өзгерістерді байқап отыр. Цифрландыру неғұрлым тез дамыса, еңбек нарығы соғұрлым деформацияланатынын айта келіп, кейбір мамандықтардың орнына басқа дағдылар мен құзыреттіліктерді қажет ететін жаңа мамандықтар пайда болатынын айтып өтті. Сондықтан ЖОО-лар білім беру моделін тұтастай қайта қарап, жұмыс берушілер талап ететін озық кадрларды даярлауға көшуі тиіс екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, елімізде гранттық жүйедегі біршама өзгерістерге тоқталды. Айтуынша 2025 жылға дейін гранттар санын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Гранттар санын 2025 жылға дейін жыл сайын 10%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз. Алайда бұл шаралардың өзі жеткіліксіз болатыны анық. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының дифференциалды грант (30%-дан 100%-ға дейін) енгізу туралы тапсырмасы өте өзекті. Әлемдік тәжірибені зерделеу және Президенттің бастамаларын іске асырудың нақты тетіктерін ұсыну үшін арнайы жұмыс тобын құрдық, - деді министр.

Сонымен қатар, елімізде студенттердің шамамен 60%-ы ақылы негізде оқиды. Оларды қолдау үшін жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру кредиттерін алу мүмкіндігі берілетін болатынын да баса айтты.

Өзгелердің жаңалығы