«Birgemiz: Bilim» жобасы іске асырылып жатыр

10 Қазан 2022, 13:57
1086
Бөлісу:
«Birgemiz: Bilim» жобасы іске асырылып жатыр

Халықтың сауаттылығын арттыру, білім мәселесі қашан да басты назарды талап етеді. Осы ретте, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қолдауымен еліміз бойынша жалпыұлттық «Birgemiz: Bilim» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Birgemiz: Bilim» жобасы бейресми білім беру тәсілін пайдалана отырып, волонтерлерді тарту арқылы халықтың әртүрлі топтарының, оның ішінде ауылдық жерлерде цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруды мақсат етеді.

Аталған жоба шеңберінде арнайы іріктелген 2000 ерікті волонтерлік қызмет бойынша курстан өтіп, тұрғындарға тілдік, қаржылық, компьютерлік және құқықтық сауаттылық және өмірлік дағдыларды арттыру бойынша курстар өткізуде. Қазіргі таңда аталмыш курстарға 6000 адам қатысты.

Жоба аясында өз идеяларын жүзеге асырғылары келетін еркітілер, арнайы жоба әзірлеп, нәтижесінде 30 кіші жобаға 300 мыңнан қаржы бөлінді. 

«Birgemiz: Bilim» жоба үйлестірушісі Гүлназ Куромжанованың айтуынша, жоба  еліміздің барлық облыстарын қамтуда және еліміздің дамуына үлес қосқысы келетін азаматтар саны көп. 

«Алдымен кіші гранттар конкурсына қатысуға 62 жоба өтініш берген. Сарапшылар оның ішінде 30 жобаны іріктеп алды. Әртүрлі қызықты жобалар болды. Қуантатыны еліміздің дамуына үлес қосқысы келетін жандар көбеюде», - дейді жоба үйлестірушісі. 

Мысалы, Алматылық Алия Капаева бастаған топ мемлекеттің қолдауымен жергілікті мүмкіндігі шектеулі балаларды робототехникаға баулу, робототехника білімінің негіздерін үйрету, бұл салада лего конструкторларды құрастыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың қиял әлемін дамыту, робот тышқанмен алгоритм құру арқылы логикалық және сыни ойлауын, ұсақ моторикасын дамытуды қолға алды. Гранттық қаражатқа лего құрастырғыштар, лего тышқан, ботли, арнайы роботехника плакаттарын сатып алған бастамашыл топтың арқасында бүгін Еңбекшіқазақ ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға іс-шаралар өткізіледі. Қыздар мен жігіттер осылайша ауыл балалары арасында коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру: пікірталасқа түсу, өзінің көзқарасын қорғау, ұжымда, командада, кіші топта (жұппен) жұмыс істеу дағдыларын дәріптеуге ниетті.

«Exclusive Fund» жеке қоры шаруа қожалықтарын, ауыл тұрғындарын қаржылық және компьютерлік сауаттылыққа оқыту, үнемі өзгере беретін субсидиялар жөніндегі ереже-заңнамалармен уақытылы таныстырып, түсіндіру жұмыстарын қолға алды.

Ал Павлодардағы «САМАЛ» оңалту орталығының «Ана» жобасының мақсаты  ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға цифрлық сауаттылық бойынша біліктіліктерін арттыру. 

«Бұл өтініш білдірген жобалардың аз бөлігі ғана. Осыған қарап – ақ, еріктілердің бастамаларының сан түрлігін көруге болады. 

Белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар білім саласында не қажет екенін көріп, қоғамға идеяларды енгізуге дайын. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» жобаларды жүзеге асыруға бөлген гранттары расымен де көптеген тұрғындардың өмірін жақсы жаққа өзгертуде. 

Өзгелердің жаңалығы