Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Нұрай ісі: Депутат елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты

Бөлісу:
 Видеодан скриншот
VIDEO
Фото: Видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов елімізде белең алған қыз алып қашу және зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты Ішкі істер министрлігінің жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, құқық қорғау органдарының басты мақсаты – қылмысты тездетіп жауып, Президент алдында есеп беру емес, мұндай жағдайлардың алдын алу.

Министр мырза (ІІМ басшысы – ред.), егер бұны тоқтатпасаңыз, арнайы мамандар дайындамасаңыз, асығыс тек көзбояушылықпен істерді жауып тастасаңыз, мұндай қылмыстар көбейе береді. Сіздің міндетіңіз – қылмысты тергеп, тез жаба салу емес, мұндай істерді болдырмау және алдын алу, – деді депутат.

Әбенов Шымкенттегі марқұм Нұрай ісін мысалға келтірді.

Шымкентте қалай болды? Қызды (Нұрайды – ред.) күзде алып қашты. Одан кейін 2-3 ай өткен. Қызға мәжбүрлеп видео жаздырған. Маған кеше марқұм қыздың ағасы келіп кетті. Ол туралы әлі жарияламадым. Міне, 3 ай бұрын болған. Қызды бөлек басқа үйде қамап ұстаған. Арыз түскеннен кейін полиция қызды бөлек алып кеткен. Ешқандай адвокатсыз қыздан «өз еркіммен келдім» деген мазмұнда видео жазып алған. Бірақ қыз полициядан шыққаннан кейін де оны аңдып, қудалау тоқтамаған. Полиция бұған да қарамаған, – деді Әбенов.

Оның пікірінше, Шымкент полициясы тек Мемлекет басшысы мәселеге назар аударғаннан кейін ғана әрекет ете бастаған.

Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.

Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.

Өзгелердің жаңалығы