Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Салт аттылар алғашқы 100 шақырымды жүрді

12 Маусым 2021, 00:25
4770
Бөлісу:
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Салт аттылар алғашқы 100 шақырымды жүрді
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығының жұртынан басталған сапар бүгін Олжабай батыр кесенесіне жетті.

Сапардың екінші күні салт аттылар 60 шақырым жолды еңсерді. Негізі Сарыоба көлінен Олжабай батыр кесенесіне дейін 50-55 шақырым. Алайда салт аттылар енді ғана қаулап келе жетқан егін алқаптарын айналып өтуге мәжбүр. Оның өзіндік бірнеше себебі бар. 

Біріншіден, егін алқабы – біреудің табан ет, маңдай тері. Яғни, қып-қызыл еңбек. 

Екіншіден, егін алқабын басып өткен топты салт аттыны көрген жер иесі қарап отыра ма, қуып келері сөзсіз. Әрине, қуып келіп, ештеңе істей қоймас, түсінісуге болады. Бірақ, жол жүріп жүрген адам үшін әр минут есептеулі. 

Үшіншіден, жаңа шығып келе жатқан жас көкті ат тұяғымен таптау – обал. 

Төртіншіден, топырағы қопсып жатқан егін алқабымен жүру – аттарға ауыр. Тез шаршайды. Салт аттылар егін алқабын айналып өткенде, көбінде осы соңғы себепке көбірек тоқталады. Оның да өзіндік мәні бар. Алыс жолда ат күшін сақтау – бәрінен маңызды. 

Сонымен бүгін экспедиция мүшелері 50 шақырым жолды 60 шақырым жүріп аяқтады. 

Бүгінгі сапардығы бір ерекшелік – өткен түнде экспедиция мүшесі «Болашақ» түлегі Арман Сапаров бізді Сарыобадан қуып жетті. Сонымен қатарымыз тағы бір адаммен толықты. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен басталған сапардың алғашқы екі күні айтарлықтай ерекшеліксіз өтті. 

Аттар да, адамдар да аман-есен. 

Түскі асқа Ақсуат ауылына таяу келіп тоқтады. Түс қайта атқа қонған экспедиция мүшелері кешкі сағат 7-де Олжабай батыр кесенесіне жетті. 

Кесенеде салт аттыларды Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов қарсы алды. 93 жастағы ауыл ақсақалы бата беріп, салт аттыларға ақ жол тіледі. Сондай-ақ экспедиция мүшелері батыр рухына құран бағыштады. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Салт аттылар алғашқы 100 шақырымды жүрді

Бұдан соң аттарды жайғастырып, ертеңгі жолға дайындық жасалды.

Ертең бұл сапардағы қиын жолдардың бірі күтіп тұр. Ол – Олжабай батыр кесенесінен Бұйыратау ҰТП-ке қарасты Қараағаш маңы. Қарағайлы орман, асу белдері көп ҰТП аумағында байланыс та дұрыс ұстамайды. 

Естеріңізге сала кетейік, 10 маусым күні елорда жанындағя Бозоқ қалашығының жұртынан Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін баратын салт аттылар сапары басталған болатын. Сапарға 4 облыс өкілдерінен 12 адам қатысып келеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш сапарға BAQ.KZ АА ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы