Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 19 маусым күні салт аттылар Бұқар жырау кесенесіне келгені жайлы айтқан едік. Сол жерде аудан өкілдері мен Бұқар жырау ауылының әкімі күтіп алған болатын.
20 маусым күнгі жол осы экспедиция барысындағы ең ұзақ бағдар Бұқар жырау кесенесінен Қоянды жәрмеңкесінің орнына дейін жалғасатынын да жазғанбыз.
Алайда біздің ойымыздағыдай болмады. Межелі 90 шақырым жолды игеріп үлгермедік. Оның өз себебі бар.
Басынан бастайық.
Таңғы астан соң ат суарып, жолға жиналдық. Осы жерде экспедиция жетекшісі Берік Ақылбеков бізге жол көрсетіп әрі ел-жер тарихын таныстырып, Қояндыға дейін бірге баратын адам бар ма деп сұрады.
Осы кезде Бұқар жырау кесенесінің шырақшысы Әлихан Уәлиев бірге барғысы келетінін айтты. Біз қуана қатарымызға қосып алдық.
Сонымен Алла деп, оңтүстік шығысты бетке алып жолға шықтық.
Әлихан томаға-тұйық, аса көп сөзі жоқ жігіт секілді көрінгенімен, жер жағдайын жақсы біледі екен. Жол бірде Қарағанды облысының аумағына, бірде Павлодар облысының аумағына кіріп, екі облысты кезек қамтып отырады екен.
Шалқардан өтіп, ескі Жайылма өңіріне таяғанда Әлихан жолдан шамалы бұрыстау, бірнеше тарихи орын барын айтты.
Біз ақыры мақсатымыз сол болғандықтан ол жерлерді көре кетуге бел будық.
Алғашқысы — «Едіге бидің билік айтқан тасы» деп аталатын ерекше тас. Пышақ жүзіндей қылпылдаған қырлы тастың үстінде ешқандай тіреусіз тоқтап тұрған түйедей тасты көргенде таңғалмасқа болмайды. Әйгілі Едіге бидің әділдігінің символы іспетті бұл тасты көрудің өзі бір ғанибет. Табиғаттың шеберлігі мен тепе-теңдігіне тамсанбасқа болмас. Едіге бұлағының жағасындағы бұл жерді нағыз туристік мекенге айналдырса деп тамсанып қойдық.
Екінші орын — қазақтың маңдайына біткен әйгілі тұлғалардың бірі Қаз дауысты Қазыбек би жерленген орын.
Иә, Қазыбек би Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Алайда,ол жерге апарудан бұрын бір жыл бойы осы өңірдегі Ақшоқы мен Қарашоқы арасында «аманат қойылған».
Ескі аңыздарға қарағанда Қазыбек би қайтыс болған соң, Түркістанға апарып жерлеуге үлгермей, осы жерге бір жылға «аманат қойыпты». Сол бір жылда бидің мүрдесіне ешқандай жәндік тиіспеген екен. Бір жыл өткен соң оны Түркістанға жеткізіпті, — дейді Әлихан шырақшы.
Үшінші орын — әйгілі әнші Жаяу Мұса Байжановтың мазары. Жаяудың шоқысы аталатын шағын төбенің баурайында мәңгілік тыныштық тапқан әнші кесенесі де өзі секілді қарапайым ғана, елеусіз жатыр.
Осы үш орынға ат басын бұрып жүргенде Қояндыға жоспарланған 90 шақырымға үлгермей, жол бойындағы Қаратомар-Жайылма ауылынан ат тізгінін тарттық. Бұқар жырау кесенесінен 50 шақырым жол екен.
Жайылмадан бізді қарапайым ғана жаттықтырушы, өз ісінің шебері Халид Айдарханов есімді жас жігіт күтіп алды. Аттарды байлап, кешкі астан соң ертеңгі жолды әңгімелеп, қалған 45 шақырымды қалай өткізуді сөйлестік.
Алда әйгілі Қоянды жәрмеңкесі күтіп тұр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризмі федерациясының ұйымдастыруымен 1000 шақырымға жалғасатын Бозоқ-Жидебай сапарының бас ақпараттық демеушісі – BAQ.KZ ақпарат агенттігі.