Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз

30 Қаңтар 2021, 04:42
1290
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия отырысында елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова желтоқсан айымен салыстырғанда ауру көрсеткіші 1,4 есеге немесе 41 пайызға өскені байқалады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Отырыс елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өтті.

Спикер қатысушыларға 2021 жылдың қаңтар айының басынан бері қалада 3451 жағдай тіркелгенін жеткізді. Сонымен қатар, 16 қаңтардан бастап елорда эпидемиологиялық жағдай бойынша "қызыл аймаққа” кірді. Мәселен, өткен тәулікте елордада инфекцияның 124 жағдайы тіркеліп, бас-аяғы 137 ошақ анықталды.

Сархат Бейсенованың айтуынша, аурудың өсуі қала тұрғындарының шектеу шараларын сақтамауымен байланысты (адамдар көп жиналатын орындарға, сауда нысандарына бару, бұқаралық іс-шаралар өткізу және карантин режимін сақтамау).

Сондай-ақ, отырыс барысында қатысушылар халықты вакцинациялауға дайындық мәселелерін талқылады.

Вакцина – бұл адам ағзасында антиденелер пайда болатын арнайы дәрі-дәрмектер, адам ағзасын қорғауға арналады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау кімдерге жүргізілетінін анықтады. Елордада вакцинация кезеңдері осы жылдың ақпан айынан басталады.

Әкім орынбасарының айтуынша, елордадағы карантин режимін бұзушылардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Ал бірнеше мәрте қайталағандарды мониторингтік топтар тіркеп, қызметін тоқтату үшін одан әрі сотқа жіберетін болады.

Қалада әлі күнге дейін жұқтыру оқиғалары тіркеліп, елорда "қызыл аймақта" тұр. Эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу мақсатында қала әкімінің орынбасары аудан әкімдіктері жанындағы мониторингтік топтарға жұқтыру қаупі жоғары жерлерде, оның ішінде сауда орталықтарында, базарларда, көңіл көтеру орындарында тексеру іс-шараларын күшейтуді тапсырды.

Шектеу шараларын "қасақана бұзушылар" ерекше бақылауға алынады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған соты әкімшілік айыппұл салу және 12 кәсіпкерлік нысанының қызметін тоқтату туралы шешім шығарды.

Өзгелердің жаңалығы