Нұр-Сұлтанда жүзуден қала және ел чемпионаты аяқталды

22 Мамыр 2021, 22:28
2067
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда жүзуден қала және ел чемпионаты аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүзуден жасөпірімдер арасындағы Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты және ел чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласында 18-21 мамыр аралығында 2005 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар мен ұлдар арасында қаланың ашық чемпионаты және Қазақстан Республикасының біріншілігі өткізілді. Жарысқа 13 өңірден 240 спортшы қатысты.

Төрт күнге созылған ашық чемпионат қорытындысы бойынша елорда командасы 7 алтын, 7 күміс, 9 қола жүлдемен жалпы командалық есепте екінші орынды жеңіп алды.

Бірінші орын Алматы қаласы құрмасының еншісінде. Алматылық спортшылар чемпионатта 14 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлдені жеңіп алды.

Үздік үштікті 5 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен Қарағанды облысының спортшылары қорытындылады. Ашық чемпионатқа қатысушы команда өкілдері жарыстың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

Жарыс жоғары деңгейде өтті. Екі спортшымыз «Үздік спортшы», ал мен «Үздік жаттықтырушы» аталымына ие болдым. Нұр-Сұлтан қаласының спорт басқармасына Алматы қаласы командасы атынан зор алғысымызды білдіреміз. Мұндай ұйымдастыру деңгейін мен Қазақстанда әлі көрген жоқпын, - деді Алматы қаласы командасының жаттықтырушысы Павел Шленский. 

Спортшылар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жарыс күндері спортшыларға барлық жағдай жасалды. Күтіп алу, қонақ үй, тамақтану барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сондай-ақ бізге сіздердің бассейндеріңіз ұнады, - деді өз сөзінде Павлодар облысының жаттықтырушысы Кирилл Жамолиддинов.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды. Елорда әкімдігінің қолдауымен өткен Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты карантин талаптарына сай көрермендерсіз ұйымдастырылды.

 


Өзгелердің жаңалығы