Нұр-Сұлтанда «үндістандық штамға» талдама алынғандардың 56%-ында вирус алдын ала расталды

22 Маусым 2021, 12:37
3143
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «үндістандық штамға» талдама алынғандардың 56%-ында вирус алдын ала расталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтанда «үндістандық штамм» жұқтыру қаупі бар 54 науқастан қосымша тексеруге талдамалар алынған болатын. Олардың 56%-ында «Дельта» штамның ықтималдылығы алдын ала расталды. 

Астана қаласы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша іс-шаралар елорда әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен қалалық штаб отырысында қарастырылған.

Нұр-Сұлтан қаласында аурудың бірден өршуі байқалды. Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі барынша қауіпті әрі өлім-жітімге әкелу қатері де жоғары. Адам иммунитетіне қатты әсер ететін көрінеді.

80%-дан астам пациентте клиникалық белгілер анықталған. Соның ішінде 20 науқас ауруханаға жатқызылды, 20%-ында аурудың белгілері жоқ. Көпшілігі көмекке өздігінен жүгінгендер. Алтауы: Ресей, Ауғанстаннан, Түркістан, ШҚО-дан, екеуі – Ақмола облысынан келген, – деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова. 

Елорда әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызмет, құрылыс компанияларының басшыларымен, мектеп, балабақша, колледж, ірі кәсіпорын директорларымен кездесті. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында еңбек ұжымдарын вакцинациялау қажеттілігін атап өтті. Вакцина салдырғандардың көлемі төмен болған жағдайда аталған нысандардағы жұмыстар тоқтатылатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, «үндістандық штамм» өте жұқпалы және таралу қаупі жоғары. Нұр-Сұлтан қаласында қосымша карантиндік шектеулер енгізілуі әбден мүмкін. Кеше Денсаулық сақтау министрлігі айналымда «үндістандық» штамның болу ықтималдылығын анықтады.

Өзгелердің жаңалығы