Нұр-Сұлтанда Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың дамуы талқыланды

10 Сәуір 2022, 09:36
2319
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың дамуы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық сын-тегеуріндер мен ішкі саяси үрдістерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында елордада Ұлттық әскери-патриоттық орталықта конференция өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлгінің ресми сайты.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева және бір топ мәдениет қайраткерлері қатысты.

Бір қарағанда, бұл алаңда әр түрлі бағыттағы өкілдер алғаш рет кездесіп отырған сияқты. Алайда оларды біріктіретін үлкен ортақ құндылық бар. Бұл руханият пен идеология. Әскери және шығармашылық пен мәдени, ғылыми қоғам үшін бұл ұғымдар әрқашан ерекше. Өйткені, жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық тұрғыда тәрбиелеу – бәрімізден бірлік пен ынтымақты талап ететін басты міндет, - деді онференцияның ашылуында Аида Балаева.

Балалардың бойына патриоттық рух беретін қасиетті дарытып тәрбиелеудегі армияның рөлі, бала күнінен Отан қорғаушы болуға деген ұмтылысы маңыздылығын жоғалтқан емес дейді Аида Балаева. Өйткені, армияның жауынгерлік рухы, оның жауынгерлік қабілеті патриотизмге, сарбаздар мен офицерлердің халықтың игілігі үшін атқаратын ұлы миссияға деген шынайы сеніміне байланысты. Бұл тұрғыда, әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды зор.

Қорғаныс ведомствосының басшысы қазіргі дәуір шындығы жастар мен әскери қызметшілерді тәрбиелеу нысандарын жетілдіруді талап ететінін атап өтті. Бұл бағытта оларды мәдениет пен өнерге баулу аса маңызды.

Енді бір айдан кейін біздің Қарулы күштердің құрылғанына 30 жыл толады. Бұл Қарулы Күштердің барлық жауынгерлері, соның ішінде барлық қазақстандықтар лайықты атап өтуге тиіс айтулы мереке. Әскери қызметтің тәуекелден тұратынын бәріңіз де білесіздер. Егер техниканың, қару-жарақтың, өтетін оқу-жаттығулардың, атыстардың, авиация ұшуларының көптеген бөлігін алып тастасақ та, жас, дені сау жігіттеріміздің шектеулі кеңістікте ұзақ уақыт бірге болуы тәуекел екені түсінікті, - деді генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.

Қорғаныс министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының "Жаңа Қазақстан" идеясы аясында қойған міндеттерін ескере отырып, армия жеке тұлғаны қалыптастыруға, жастарды тәрбиелеуге, әскери-патриоттық клубтар құруға және оларды одан әрі дамытуға, үйірме жұмыстарын ашуға, шығармашылық іс-шараларға белсене қатыса отырып, патриоттық сезімді қалыптастыруға атсалысуы тиіс.

Сонымен бірге, патриотизмге бүкіл азаматтық қоғам тәрбиелеуі керек, өйткені әскерге жастар дүниетаны қалыптасқан тұлға ретінде келеді.

Қорғаныс министрі бүгінгі таңда әскерлерде мәдени-демалыс жұмыстарын айтарлықтай күшейту қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.

Егер осындағы режиссерлер, театр, кино, теледидар қызметкерлері білімі мен талантын жұртқа танытып жүрген кісілердің бәрі тәжірибелерін бөлісіп, осы жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге қол ұшын берсе, пайдасын тигізер болар еді, - деді Р. Жақсылықов.

Конференцияға қатысушылар Қарулы күштерде театр өнерін, бейнелеу және әдеби шығармашылықты, хореографиялық дайындықты және мәдениеттің басқа да бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл үшін Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың материалдық және шығармашылық базасы негіз болуға керек.

Қазақстанның Қарулы күштерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстары органдары, құрамына Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі, Орталық әскери оркестрі және Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы бар Ұлттық әскери-патриоттық орталық құрылып, жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Әскери-патриоттық тәрбие бағытында олар ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Конференцияға қатысушылар Қорғаныс министрлігінің бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға барынша жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, әскери қызметшілердің мәдени және шығармашылық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленеді.

Өзгелердің жаңалығы