Нұр-Сұлтанда мұғалімдердің 85%-ы коронавирусқа қарсы екпе алды

12 Шілде 2021, 18:25
3062
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда мұғалімдердің 85%-ы коронавирусқа қарсы екпе алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қыркүйек айында мектептерді қалыпты оқыту форматына көшіру үшін мұғалімдерді де, өзге де мектеп қызметкерлерін вакцинациялау қажет екенін мәлім етті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мектеп - балалар өзін қауіпсіз сезінетін, ал ата-аналар баласы үшін алаңдамайтын орын болуы керек. Пандемия оқыту форматын онлайн режимге көшуге мәжбүр етті. Мұғалімдер тарапынан жедел шаралар қабылданғанына қарамастан дәстүрлі, яғни офлайн форматтағы оқытуға ешнәрсе жетпейді.

Қыркүйек айында мектептерді қалыпты оқыту форматына көшіру үшін мұғалімдерді де, өзге де мектеп қызметкерлерін вакцинациялау қажет. Бұл денсаулықты қорғауға, инфекцияны тоқтатуға және коронавирустың жаппай таралуын шектеуге көмектеседі.

Қазіргі уақытта мектеп мұғалімдерінің 85%-ы вакцинацияланды. Мысалы, №3, №7, №13, №21, №33, №34, №39, №46, № 81 мектеп-гимназиялары 100% иммундаудан өтті. Педагогтардың барынша жауапкершілік танытқаны қуантады. Дегенмен, бірқатар оқу орнында вакцинацияланғандар пайызы әлі де төмен. Мұғалімдермен (мектептер/колледждер) онлайн режимде жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды, - деп жазды Көлгінов.

Соңғы күндері қалада инфекция жұқтырғандар саны артуда. 

Қосымша жұқпалы аурулар стационарларын ашып жатырмыз. Тәулік сайын 300-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылады. Дәрігерлер атап өткендей инфекция жұқтырғандар қатары коронавирустың жаңа штаммының пайда болуына, яғни «Дельта штаммына» (үнді штаммы деген атаумен белгілі) байланысты болып отыр. Бұл — коронавирустың аса қауіпті түрі, жылдам таралып, тез жұғады.

Қалада 100 вакцинациялау пункті жұмыс істейді, сондай-ақ егу орындары СОО-ларда, СҮ-лерде және т.б. орындарда бар. Қазір 286 мыңға жуық адам вакцинацияланды. Соңғы апталарда вакцина алғысы келетіндер саны 7 есеге дейін өсті. Бұл бізді қатты қуантады. Өз денсаулығыңызды және айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғау үшін вакцина алу қажет. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптасады, - деп жазды елорда әкімі.


Өзгелердің жаңалығы