Нұр-Сұлтанда қазақ-неміс орталығы ашылды

11 Қыркүйек 2021, 22:08
4463
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда қазақ-неміс орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақ-неміс орталығының салтанатты ашылуы өтті. Германия үкіметі Қазақстан халқына республикада тұратын этникалық немістерге көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, астанада мұндай орталықты құру туралы келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы Германияға алғашқы ресми сапары кезінде Берлинде қол қойылған болатын.

Орталықтың қызметі Қазақстан немістерінің этникалық бірегейлігін, мәдениеті мен ана тілін сақтауға бағытталады, сондай-ақ екі елдің іскерлік қоғамдастығы үшін диалог алаңы болады.

Таспаны кесу рәсіміне ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Германияның Федералдық Үкіметінің қоныс аударушылар мен аз ұлттар істері жөніндегі уәкілі Бернд Фабрициус, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Альберт Рау, ҚР АҚДМ этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин және басқалар қатысты.

Бернд Фабрициус астанада неміс орталығын ашудың маңыздылығын атап өтіп, Германия үкіметінің атынан Қазақстан халқына республикада тұратын этникалық немістерге көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Бұл жай орталық немесе кеңсе ғана емес – бұл неміс мәдениеті мен дәстүрлеріне қосылғысы келетіндерге толы тірі үй болады, - деді орталықтың ашылуының бастамашысы Альберт Рау.

Орталықтың ашылуы мен қызметін қаржыландыруды Германия Үкіметі мен жеке демеушілер жүзеге асырады.

Өзгелердің жаңалығы