Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері көліктен ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

4 Маусым 2022, 15:28
1098
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері көліктен ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Сарыарқа" ауданының полиция қызметкерлері елорданың 35 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Тергеу барысында анықталғанындай, күдікті Республика даңғылындағы үйдің ауласында тұрған "Volkswagen" маркалы автокөлікті байқаған. Содан ол бұрауышты қолданып, үш бұранданы шешіп, құны 20 мың теңге тұратын оң жақ айнаны ұрлап кеткен. Қаскүнем ұрланған затты қайта сатқысы келгенімен бірақ үлгермеген.

Ұрлық туралы полицияға зардап шеккен көліктің иесі хабарлады. Ол аулада қалдырылған көлікте дабыл жүйесі жоқ екенін айтты. Таңертең айна жоғалғанын байқаған ер адам бірден 102-ге хабарласқан. 

Аталған факті бойынша "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті автокөліктерден жасалынатын ұрлықты болдырмау үшін көлік құралын күзет дабыл жүйесімен жабдықтауды, бейнебақылау камераларымен қамтылған немесе арнайы күзетілетін автотұрақтардың аумағында қоюды ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы