Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының экологиясын жақсарту қалай іске асып жатыр?

11 Тамыз 2021, 16:26
8011
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының экологиясын жақсарту қалай іске асып жатыр?
Сұхбат

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған екі мегаполисті газдандыру, ондағы жылу қазандықтарын газға көшіру жұмыстары қалай іске асып жатыр? Ауаға зиянды қалдықтар бөлетін көліктерді реттеу жұмысы қалай іске асырылуда? Жалпы ауадағы зиянды қалдықтар қала тұрғындарының денсаулығына қалай әсер етіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов сұхбат барысында жауап берді.

- Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының экологиялық проблемаларын шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берсеңіз?

- 2020-2021 жылдарда Экология министрлігі жұртшылықпен бірнеше кездесу өткізді, онда негізгі экологиялық проблемалар талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша 5 блок пен 22 іс-шарадан тұратын экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол картасы әзірленіп, Үкімет деңгейінде бекітілді. Атап айтсақ, атмосфералық ауаның сапасын арттыру, ауа айналымын жақсарту, газдандыру, қалдықтарды басқару және көгалдандыруды одан әрі арттыру.

Мәселен, атмосфералық ауа сапасын жақсарту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ құбырларын жеткізу құрылысы аяқталды. Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің 4 қазандығы табиғи газға ауыстырылып, іске қосылды. 2021 жылы қалған 12 қазандық ауыстырылады. 

Ал Алматы қаласы бойынша ЖЭО-2 және ЖЭО-3 бөлігінде қазандықтарды газға ауыстыру арқылы жаңғырту туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта 2-ЖЭО аумағында қуаты 600 МВт ПМУ базасында жаңа станция салу бойынша жобаның ТЭН-ін өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Самұрық-Энерго» АҚ 2021 жылдың соңына дейін «Мемсараптама» РМК қорытындысын алуды жоспарлап отыр. Бұл шығарындыларды 83%-ға немесе 37,8-ден 6,0 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

- Жалпы қаланы газдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Газдандыруға келсек, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптарына, Агроқалашық бөлігіне, «Железнодорожный» газ желісін тарту жұмыстары аяқталды. Іске қосу кешендеріне табиғи газ жеткізілді, желілер сенімгерлік басқару шарты бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға берілді. Осы жылдың соңына дейін Агроқалашықтың бір бөлігі, Оңтүстік-шығыс алқабының сол және оң жағындағы тұрғын үй алаптарын қосу жоспарлануда.

Алматы қаласы жайлы айтар болсақ, қазір қаланың 99%-ы газбен қамтамасыз етілген. Алайда Алматы қаласының атмосфералық ауасының жай-күйіне Алматы облысының шекаралас 5 ауданындарының, атап айтсақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары газдандырылмаған. Бұл өңірлердің шығарындылары қалаға теріс әсер етіп отыр. Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша қалаға іргелес жатқан жеке тұрғын үйлердің саны 161,6 мың, оның ішінде 80%-ы табиғи газға қосылған, 31,8 мың үй газға қосылмаған. Облыс әкімдігі өңірлік газдандыру схемасына өзгерістер енгізуде, оған сәйкес Алматы қаласының іргелес елді мекендерін газдандыру 2023 жылы толық аяқталады.

- Ауа сапасын жақсарту мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматыда дизельмен жүретін қоғамдық көліктерге тыйым салынып, оларды газбен жүретін көліктерге ауыстыру қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

- Рас айтасыз, дизельмен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салынған. Бұл тұрғыда Алматы әкімдігі 2020-2021 жылдары 335 электр және газ автобусын сатып алды. Қазір бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Бұдан басқа, ҚР Премьер-министрінің өкімімен тұрақты маршруттарға конкурстық іріктеу кезінде газ моторлы отынмен жүретін автобустары бар тасымалдаушылардың артықшылығы көзделген шаралар кешені бекітілді. «Техникалық реттеу туралы» ҚР заңы қабылданып, жанармай құю станцияларында отынның сапасын К4 және К5 экологиялық сыныптарына сәйкестігін бақылау күшейтілді.

Қазір Алматы қаласына кіру және шығу жолдарында «Сергек» жүйесінің 21 бекеті орнатылды, сондай-ақ қаланың Полиция департаментіне шығарындыларды тіркеу және деректерді беру үшін «Сергек» жүйесімен интеграцияланатын 19 экопост орнату бойынша рәсім басталды. Автокөліктерді техникалық қарау үшін станцияларға жауапкершілікті күшейту үшін тиісті заңнамаға түзетулер әзірленді.

- Нұр-Сұлтан қаласында адам санымен қоса ауаны ластайтын көлік те жылдан-жылға артып келеді. Ауаның ластануы елорда тұрғындарының денсаулығына қалай әсер етіп отыр?

- 2020 жылы алғаш коронавирус пандемиясы басталып, карантин жарияланған кезде көліктен бөлінетін зиянды қалдықтар 40,7%-ға немесе 1,7 есеге төмендеді. Оған қоса 2020 жылы жан басына шаққандағы жасыл алаңдар ауданы 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда 5,4%-ға өсті. Яғни жыл сайын елордада жаңа саябақтар мен скверлер бой көтеріп жатыр.

- Саябақ, сверлер салынып жатыр деп отырсыз, жалпы қаланы көгалдандыру жұмыстары жайлы айтып берсеңіз?

- Көгалдандыру бөлігінде әкімдіктер жасыл желектерге толық аудит жүргізіп жатыр. Жүргізілген түгендеу шеңберінде қаланың жасыл екпелерінің тізілімі енгізіліп, онда жасыл екпелердің типтері, түрлік құрамы, алаңының көлемі, жай-күйі және орналасуы туралы деректер тұрақты негізде жаңартылады.

Көгалдандыру көлемін арттыру мақсатында Алматы қаласының жасыл қорын ұлғайту жоспары бекітілді. 2021-2023 жылдар аралығында шамамен 1 млн жасыл желек отырғызылады. Тұтастай алғанда, ағаштар саны 2,2 млн-нан 3,0 млн-ға дейін ұлғайтылады. Тиісті заңнамаға ағаштарды кесу жөніндегі нормаларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді, онда заңсыз кескені үшін жиырма және отыз есе мөлшерде өтемдік ағаш отырғызу көзделген. Заңсыз кескені үшін әкімшілік жаза бес есеге дейін ұлғайтылды.

Өткен жылы жел ағынын зерттеу мақсатында Алматы қаласының әкімдігі жел режимін зерттеуді компьютерлік модельдеу бойынша эксперименттік жұмыс бастады. Сондай-ақ жел режимін ескере отырып, құрылыстың бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар пысықталуда. 

Қазір жаңа экологиялық кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері күшейтілді. Мәселен, бірінші кезекте, әкімдіктер «шартты экологиялық көпіршікті» немесе елді мекендердегі қоршаған ортаға барынша жүктемені анықтайды. Осыны негізге ала отырып, әкімдіктер әрбір 5 жыл сайын қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекітуі тиіс. Ол үшін олар қоршаған ортаны жақсарту бойынша шаралар жасайды.

Атмосфералық ауаның жай-күйі нашарлаған кезде әкімдіктер неғұрлым қатаң мақсатты белгілей алады. Сондай-ақ атмосфералық ауа нашарлаған жағдайда 3 жыл ішінде көлік құралдарының кіруіне шектеу енгізуі мүмкін. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде әкімдіктер атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылуын реттеу бойынша уақытша шаралар енгізуі мүмкін.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы