Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры тағайындалды

22 Қаңтар 2021, 13:42
1403
Бөлісу:
Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры болып Мәдина Нұрғалиева тағайындалды.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жаңа басшылық алдына бірқатар маңызды міндет қойды. Соның ішінде әлеуметтік-саяси күн тәртібіне сәйкес әлеуметтік зерттеулер жүргізуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Оның айтуынша, нақты топтарға бағытталған жекелеген және сапалы зерттеулер жүргізу қажет. Олар партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстың қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанын, индикаторлар мен көрсеткіштерге қаншалықты қол жеткізілгенін, жергілікті жерлердегі халық сайлауалды бағдарламаларды іске асырудың пайдасын көріп жатыр ма деген сияқты және т. б. нақты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Мәдина Нұрғалиева әр жылдары Білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия және саясаттану институтында ғылыми қызметкер, Саяси шешімдер институтында сараптамалық-қолданбалы бөлімнің басшысы, әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында директордың орынбасары болып жұмыс істеді.

Осы тағайындауға дейін ол ҚСЗИ әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы болған. Саяси ғылымдар кандидаты. 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша, 2008 жылы Білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия және саясаттану институтының аспирантурасын бітірген.   

Бұған дейін осы қызметті атқарған Юлия Кучинская Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Nur Otan фракциясының депутаты болды.


Өзгелердің жаңалығы