Бұл туралы Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор Айжан Аймағанова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова Бишімбаевтан бірнеше рет кетуге тырысқан, алайда Бишімбаев түзелетінін айтып сендірген.
2023 жылдың 25 наурызында Нүкенова Бишімбаевтың оған келтірген дене жарақатын ұялы телефонына фотоға түсіріп, ағасына жолдаған. Алайда ешқандай әрекетке бармауын сұраған. Содан кейін ағасы Нүкеновадан ажырасуды сұраған. Алайда Нүкенова Бишімбаев тарапынан жақсы қарым-қатынастың қалыптасып келе жатқанын айтып, бас тартқан, - дейді прокурор сот отырысында.
Еске салсақ, Астанада әйелін өлтірді деген айып тағылған экс-министр Бишімбаевқа қатысты сот отырысы болды. Сот отырысы барысында олардың қалай танысқаны анықталды. Сонымен қоса экс-министр Салтанат Нүкенованы порнографиялық видеоға түсуге мәжбүрлегені белгілі болды. Бірнеше бап бойынша айып тағылғанымен Қуандық Бишімбаев қылмысты мойындамайтынын айтып, соттың ашық болуын сұрады.