Нөсер жауынға қарамастан дауыс беріп жатыр

5 Маусым 2022, 14:37
1225
Бөлісу:
Нөсер жауынға қарамастан дауыс беріп жатыр
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Шығыс Қазақстанның орталығында күн райы құбылып, бірнеше рет нөсер жауын құйып өтті. Десек те, жұртшылық референдумға қарқынды түрде қатысып жатыр. 

Республикалық референдумды өткізу үшін Өскеменде 120 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 10  жабық сайлау учаскесі – тергеу изоляторлары, ауруханалар, әскери бөлімдер. 

Өскемендегі №95 сайлау учаскесі №46 қазақ орта мектебінің ғимаратында орналасқан. Учаске төрайымы Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, олардың аумағына қаланың 19-шы шағын ауданына қарасты Көкжал Барақ, Есенберлин, Қазыбек би көшелерінің бірнеше көпқабатты үйлері енеді. Мұнда барлығы 2762 сайлаушы тіркелген, сағат 13-ке дейін солардың 61 пайызы дауыстарын беріп үлгеріпті.

Біздің аумақта негізінен жастар тұрады. Сондықтан болар, тұрғындар белсенділігі жоғары. Таңғы сағат 7-де 200-ден астам адам лек-лекпен дауыс беріп кетті. Бағана бір нөсер жаңбыр жауып, келушілер саябырлап қалған еді. Күн ашыла сала, тағы арта түсті. Дауыс беру науқаны тәртіпке сай, тыныш, қалыпты жағдайда өтіп жатыр, – деді Гүлфарида Базарбайқызы.

Атап өтерлігі, дәл осы мектеп ғимаратында №97 тағы бір сайлау учаскесі орын тепкен. Мұнда да дауыс берушілер қарасы қалың. Жалпы, Өскеменнің бұл шағын ауданы жаңадан салынған, әрі тұрғындарының саны да көп.

Ең соңғы рет референдумға сонау 1995 жылы қатысқаным есімде. Ол кезде осы Ата заңды бүкіл халық болып қабылдаған едік. Бүгін Конституциямызға түбегейлі өзгерістер енгізу бойынша дауыс беріп шықтым. Алдағы уақытта елімізде ауқымды саяси-экономикалық жаңарулар боларына толық сенемін. Бүгінгі референдум – соның алғашқы қадамы. Еліміздің болашағы жарқын, іргесі берік болсын! – деді дауыс берген өскемендік зейнеткер Еспол Әшімов.   

Өзгелердің жаңалығы